Мұнай контрабандасы: Иранның көлеңкелі флоты санкциядағы басқа елдерге де көмектесіп келген

Кәмшат Тілеухан 08 қаң. 2025 16:39 492

Иранның көлеңкелі флоты АҚШ пен Еуропа елдері салған санкцияны сәтті айналып өткенімен қоймай, санкцияға ұшыраған басқа елдерге де қолғабыс етіп келген. Осыны дәлелдейтін шетелдік БАҚ-та көлемді зерттеу мақала жарияланды, деп жазады Dalanews.kz.

"Қатаң санкциялар жағдайында Иран көлеңкелі флотына сүйене отырып, өз мұнайын әлемге саудалай білуде.  АҚШ энергетикалық ақпарат басқармасының бағалауы бойынша, Тегеран мұнай экспортынан 2023 жылы 53 млрд доллар және 2024 жылы 54 млрд доллар табыс тапқан. Ал 2024 жылы өндіріс көлемі, ОПЕК мәліметтеріне сәйкес, 2018 жылдан бергі ең жоғары деңгейге жетті. Демек, санкциялар әсері бұл арада көрінбейді. Жалпы, Иран мен арабтың ресми тұлғалары қаңтар айында Ақ үйге оралған Трамп Иранның мұнай өнеркәсібіне тағы да қысым жасауға кірісетінін айтады" деп Reuters-ке сілтеме жасап Tengenomika Telegram арнасы жазады.

Өйткені, Батыстың Иранмен ядролық келісімін бұзып, 2018 жылы Иран мұнайына қарсы санкцияларды қайта енгізген Трамптың нақ өзі болатын. Демек, бұл зерттеу материалдың өзі де кездейсоқтық емес секілді.

Шетелдік БАҚ-та көлеңкелі флоттың және санкцияларды айналып өту жағдайына "Remy" мұнай танкерінің қызметі мысалға алынады, ол екі мақсатта жұмыс істеген. 2023 жылдың ақпанында Малайзияға бара жатып, ол Панама туы астында Ирактан 1 млн баррель болатын контрабандалық мұнай  тасымалдаған. Бірақ, тура осы танкер мұнай контрабандасы тобына еніп, тағы бір, яғни Deep Ocean деген атауға ие болған. Бұл жағдайда ол Иранның шикі мұнайын жасырын тасыған. Капитанның қолында Иранның ұлттық мұнай компаниясының екінші бір сертификаты болған.

Иранның Sahara Thunder компаниясы пайдаланатын флот ретінде Remy Иран туы астында Sahara Thunder, Sonia 1 желісіндегі басқа кемеден Иран мұнайын тиеп алып отырған. 22 ақпанда аяқталған бұл құпия тасымалды Еуропалық ғарыш агенттігінің Sentinel-2 жерсерігі тіркеген. Оның үстіне хакерлер Sahara Thunder-дің 10 мыңнан астам хаттарын жария етті, оларда 2022 жылдың наурызынан бастап 2024 жылдың ақпан аралығын қамтитын мұнай саудасы мәліметтері қамтылған.

Хаттарда көрсетілген кезең аралығында Sahara Thunder әлемнің түкпір-түкпіріне шамамен 20 млн баррель мұнай жеткізген, бұл 2023 жылғы орташа нарықтық бағамен есептегенде шамамен 1,7 миллиард долларды құрайды. Reuters агенттігі хаттар арқылы Sahara Thunder компаниясы пайдаланатын кемелердің мұнай тасымалдағанын анықтады: Ирандағы Бендер-Аббастан БАӘ-нің Фуджейрасына, одан әрі Венесуэлаға, Ресейдің солтүстігіндегі Мурманск өңіріне және шикі мұнайды жеткізудегі соңғы нүкте болып табылатын Қытайдағы бірқатар порттарға.

"Тек Иранның ғана емес, сонымен бірге санкцияға ұшыраған  ресейлік мұнайды да қамтитын бұл көлемнің қозғалысы әлемдік мұнай нарығы ұсыныс жағынан қанық дегенді білдіреді. Бұл ОПЕК және ОПЕК + ұйымдарының бағаны тізгіндеп ұстап тұру шаралары тиімділігін төмендетері сөзсіз. Екінші жағынан, батыс елдері енгізген санкциялардың тиімділігі және олардың орындалуы да сынға ұшырауда", деп жазады сарапшы Ғалымжан Айтқазин.

Бұған дейін сайтымызда "Қазақстан ОПЕК-тен шыға салуы мүмкін бе" деген мақала жарияланған болатын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар