Қазақстанда жыл басынан бері бала саудасына қатысты 19 қылмыстық іс тіркелді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Барлық дерек жаңа туған сәбилерді заңсыз асырап алуға байланысты. Бұл туралы Адам саудасына қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары Шынар Көшербаева мәлімдеді. Оның айтуынша, нәресте сату деректері Қазақстанның барлық дерлік өңірінде анықталған.
Схема былайша жүзеге асады: бір жағында бала сүйе алмай жүрген отбасылар, екінші жағында жаңа туған сәбиінен бас тартуға дайын әйелдер. Осы екі тарапты материалдық пайда үшін делдалдар табыстырады.
"Балаларды шетелге шығару деректері тіркелген жоқ. Барлық заңсыз мәміле ел ішінде жасалады. Жауапкершілікке тек баланы сатқан аналар ғана емес, сатып алғандар да тартылады", – деді ол.
ІІМ өкілінің сөзінше, сәбиінен бас тартатындардың арасында қалаға келіп, ауыр материалдық жағдайда қалған жас қыздар жиі кездеседі. Кейбір отбасылар да нәрестесін асырай алмайтындықтан осындай қадамға барады.
Құқық қорғаушылардың дерегінше, жаңа туған сәбилерді заңсыз сату бағасы 500 мыңнан 1,5 миллион теңгеге дейін жетеді.
