Сәрсенбі күні таңертең мұнай бағасы соңғы үш күн қатарынан тіркелген өсімнен кейін төмендеді,- деп хабарлайды Dalanews.kz
Лондондағы ICE Futures биржасындағы қараша айына арналған Brent маркалы мұнай фьючерстері Астана уақытымен сағат 11:14-тегі мәлімет бойынша $0,13-ке (0,19%) арзандап, бір баррель үшін $68,34 болды.
Ал Нью-Йорк тауар биржасындағы (NYMEX) қазан айына арналған WTI мұнайының фьючерстері $0,1-ге (0,15%) арзандап, $64,42 баррель деңгейінде саудалануда.
Еске салайық, сейсенбі күні Brent бағасы $67,58-ге дейін өскен еді. Ал WTI фьючерстері $63,46 деңгейінде болған.
Баға өзгерістеріне әсер еткен негізгі факторлар ретінде Таяу Шығыстағы геосаяси шиеленістер (Израильдің Газадағы операциялары), сондай-ақ Ресейдің энергетика нысандарына жасалған соққылардан кейін мұнай жеткізілімінің қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылық пен халықаралық тауарлық нарықтағы геосаяси тәуекелдер аталды. Сондай-ақ инвесторлардың көңіліне АҚШ-тағы ықтимал санкция және Федералдық резервтің пайыздық мөлшерлемені өзгертуіне қатысты күтулер де әсер етті.