19–30 қыркүйек аралығында Алматы қаласында шахматтан кадеттер арасындағы әлем чемпионаты өтеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Өткен жылы Италияның Монтесильвано қаласында өткен Әлем чемпионатына 77 елден 700-ден астам жас шахматшы қатысты. Биылғы чемпионатта қатысушылар саны артып, 88 елден 851 ойыншы, соның ішінде 231 қазақстандық тіркелді.
Чемпионат Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайының бас аренасында өтеді. Бұған дейін бұл жерде 2022 жылы рапид пен блицтен әлем чемпионаты және 2024 жылы жасөспірімдер арасындағы Азия біріншілігі өткен болатын.
Фото: Dalanews.kz
Көптеген бала үшін шетел асып, халықаралық жарыстарға бару қаржылай да, ұйымдастырушылық тұрғыдан да оңай емес. Сондықтан Алматыда өтетін дода – 200-ден астам қазақстандық жасөспірімге өзін көрсетуге, әлемнің үздіктерімен ойнап, тәжірибе жинауға және рейтингін көтеруге таптырмас мүмкіндік.
Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов Алматыда өтіп жатқан кадеттер арасындағы ФИДЕ чемпионатының ашылуында сөз сөйлеп, жарыстың маңыздылығын атап өтті.
"Бүгін кадеттер арасындағы ФИДЕ чемпионатының ашылу рәсімі өтіп жатыр. Бұл – жас шахматшылардың әлем чемпионы атағы үшін бақ сынайтын әлемдік деңгейдегі басты жарыстардың бірі. Негізгі бәсекелестік кәсіби деңгейге жас кезден басталатынын ескерсек, мұның мәні зор. Біз қазір Алматыға 88 елден келген қонақтарды қарсы алып отырмыз. 800-ден астам жас шахматшы қатысады. Бұл – біздің елде алғаш рет өтіп отырған ауқымды жарыс. Қатысушылардың саны да, сапасы да өте жоғары", – деді Турлов.
Фото: Dalanews.kz
Оның айтуынша, бұған дейін қазақстандық жас шахматшылар халықаралық турнирлерге шетелге шығып қатысып келген. Ал биылғы чемпионат еліміздің өзінде ұйымдастырылып отырғандықтан, бұл – көптеген жас ойыншы үшін тәжірибе жинап, әлемнің үздіктерімен ойнауға бірегей мүмкіндік.
"Бізде ұлттық деңгейде үлкен құрам бар. Қазақстаннан бірнеше команда қатысады. Бұл көптеген жасөспірімдеріміз үшін әлемнің ең мықты шахматшыларымен бір үстелде ойнап көруге жол ашады. Мұндай мүмкіндік сирек беріледі", – деді федерация басшысы.
Фото: Dalanews.kz
Турнирге Халықаралық шахмат федерациясының (ФИДЕ) президенті арнайы келді. Жарысқа ел астанасы мен Үкімет тарапынан да үлкен қолдау көрсетілген.
"Бұл чемпионаттың елімізде өтуі – біз үшін үлкен мәртебе. Оған қала әкімі де, вице-премьер де айрықша назар аударып отыр. Чемпионат дәл осындай қолайлы мезгілде өтіп, кең қолдау тауып отыр", – деді Тимур Турлов.
Қатысушылар
Қазақстан құрамасы да мықты ойыншыларды тіркеді. Олардың қатарында:
-
Әдинұр Әділбек (1837) пен Алиша Бисалиева (1744) – 8 жасқа дейінгі топтағы фавориттер;
-
Аланна Берікқызы (2162) – G12 санатында рейтинг көшбасшысы;
-
Әміржан Әнетов (2081) пен Ризат Ұлан (2062) – O10 санатындағы басты үміткерлер;
-
Жансая Шолпанбек (2084) – G12 санатында үздік атанып отыр;
-
Сымбат Жетпіс (1761) пен Милана Филиппова (1755) – G10 санатындағы фавориттер;
-
Данис Қуандықұлы (2211), 2023 жылғы әлем чемпионы (O10), және Нұралы Болашақов (2209) – O12 санатындағы басты бәсекелестер.
Ашылу рәсімінен кейін бірден 1-ші тур басталды. Жалпы 19–30 қыркүйек аралығында швейцар жүйесі бойынша 11 тур өтеді. Уақытты бақылау – 90+30 форматы (әр партияға 90 минут және алғашқы жүрістен бастап әр қадамға 30 секунд қосылады).
Қазақстандық спортшылардың бұған дейінгі жетістігі
Қазақстандық шахматшылардың соңғы жылдардағы жетістіктері зор. 2024 жылы Италияның Монтесильвано қаласында өткен әлем чемпионатында Аланна Берікқызы (G10) мен Марк Смирнов (O12) алтыннан алқа тақты, ал Ханзада Аманжол (G12) күміс жүлдеге қол жеткізді. Ел құрамасы жалпы есепте 2 алтын және 1 күміс медальмен бірінші орынға шықты (Қытай – 2 алтын, 1 қола).
2025 жыл да табысты басталды. Наурызда Сербияда өткен мектеп оқушылары арасындағы әлем чемпионатында Абдул-Мәлік Қайрат, Алиша Бисалиева және Әлімжан Жауынбай чемпион атанса, Нұрислам Сұлтанхан күміс жүлдегер болды. Шілдеде Батумиде өткен Әлем кубогында Алиша Бисалиева мен Әдинұр Әділбек (екеуі де U8) алтын және қола медаль жеңіп алды. Ал тамыз айында Данис Қуандықұлы Колумбиядағы жасөспірімдер шахмат олимпиадасында қола жүлде иеленді. Бұған қоса, АҚШ-та өткен мектеп командалары арасындағы әлем чемпионатында Данис Қуандықұлы, Ахмедияр Сүгіралиев, Аманбек Өтетілеу және Нұрсая Жұмабек ел намысын қорғады.