Ертісбаев: "Қытайға қарсы ереуілдер сырттан ұйымдастырылды"

Dalanews 17 сент. 2019 11:01 837

Назарбаевтың экс-кеңесшісі, Беларусьтегі экс-елшісі Ермұхамет Ертісбаев "Литерге" сұхбат берді. Dalanews.kz сұхбаттан үзінді ұсынады.

Оның пікірінше, біздің елге қарсы ақпараттық һәм идеологиялық соғыс жарияланған. Ертісбаев мұның соңы төңкеріске, айғай-шу мен дүрбелеңге ұласып кетеді деп алаңдайды.
- Қазақстанда қой үстіне бозторғай жұмыртқалап, барша мәселе шешіліп қойған деп ешкім айта алмайды. Жалпы қоғамның өзгеруінің екі түрлі жолы бар. Мұны "төменнен басталатын төңкеріс" және "жоғары жақтан жасалатын төңкеріс" деп атайды.

"Төменнен жасалатын төңкеріс" әдетте мемлекетті құлатып тынады, аласапыранға, азаматтық қақтығыстарға әкеп соғады, елімізді бүтіндігінен айырады. Мұның түкке керегі жоқ. Дәл әзір бізге "жоғарыдан жасалатын революция" қажет. 

Әблязов? ДВК-ның экстремизмі керек емес, - дейді Ертісбаев мырза.

Түнеукүні Әблязовпен айтысқан Ертісбаев Қазақстандағы экономикалық өзгерістерді, әлеуметтік мемлекет құруды, саяси реформаны Тоқаевтың президенттігі арқылы жүргізуден өзге балама жоқ деген тоқтамға келіпті.

- Көпұлтты Қазақстан халқының басым көпшілігі Назарбаевтың саясаты мен бүгінгі Президент Тоқаевты қолдайды.

Демократия дегеніміз де сол. Көпшіліктің билігі дегеніміз сол. 21 қыркүйекте ереуілге шыққалы отырған жүздеген, мыңдаған "әблязовшылар" бұл әрекетінің заңсыз екенін білуі қажет, ол ессіздер қазақтың басты құндылығы – Егемендікті құрту жолына түсті.

"Алаңға шығамыз да бұл биліктің бұтын бұт, қолын қол қыламыз" деп делебесі қозатын интернеттегі "кнопка басқыш батырлар" дүрбелең болған жағдайда өздерінің ел мен үкіметке қарсы шыққаны үшін ең ауыр жазаға тартылатынын білуі тиіс.

Назарбаев ел басқарған 30 жылда біз әлем мойындаған абыройлы елге айналдық. ТМД-ны тіміскілеп шықсаңыз, бізде ғана төңкеріс, азаматтық соғыс атымен болған жоқ, жерімізден жоғалтпадық.

Осы күнге дейін еліміздің дұшпаны жоқ еді. Алайда енді ішімізден де, сыртымыздан да талап жегісі бар жар астында жасырын жатқан жау шықты.

Қытайға қарсы түнеукүнгі ереуілдер әлдебіреулердің айтағымен сырттан ұйымдастырылды, мұндайлар ел ішіндегі қапалы, назалы көңіл-күйде жүрген білімі, сауаты төмен жастарды пайдалануда.


Ашығын айтайын, бізге қарсы ақпараттық әрі идеологиялық соғыс басталып кетті.  Мұның соңы төңкеріске, дүрбелең мен дауға ұласып кетуі - аса қауіпті. Билік, ел, қоғам осындай жаңа қауіп-қатерлерге қазірден қарсы шығып, сыртқы күштердің арбауына түсуге жол бермеу керек, - деп жазған екен Ермұхамет Ертісбаев.

Аль ФРЕДО


 

Рекомендовать
Последние новости