Еркектер хадисті нәпсісіне қарай пайдаланып жүр ме? Сарапшы пікір білдірді

Сағыныш Сардарова 14 апр. 2025 09:40 15562

Дінтанушы Асылтай Тасболат "еркектер хадисті нәпсісіне қарай пайдаланып жүр ме?" деген сауалға жауап берді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Асылтай Тасболат Фазлур Рахман еңбектеріне негіздеп, "Ислам және модернити" атты кітапты аударған. Оның сөзінше, Фазлур Рахман екінші дүниежүзілік соғыстан кейін шыққан жаңа модернистер қатарына жатады, ол Құранды, исламды түсінуде жаңа герменевтикалық бетбұрыс жасаған. Фазлур Рахман Құранда құлдықты жоюға, әйелдердің құқығын көтеруге қатысты әділдік пен теңдік идеясы бар деп есептеген.

"Тарихты қарайтын болсақ, әйелдерді ер адамның қисық қабырғасынан жаратылған деген түсінік қалыптасып кеткен. Құранда олай ашық жазылмаған. ...Бірақ соңғы екі ғасырда қайтадан әйелдердің жаратылысына қатысты түсініктер, Құрандағы әйелдерге қатысты аяттар қаралып жатыр. Соның ішінде Фазлур Рахман "онтологиялық тұрғыдан әйел адам қисық қабырғадан жаратылған деген кемсітуден басталатын түсінік Құранда жоқ" дейді. "Құранды түсіндіру, интерпретация дәстүрі мұны кейіннен қалыптастырған" дейді.

...Бұл кісілердің түсінігі бойынша әйелдерді еркектің қисық қабырғасынан жаратты деген ұғым әйелдерді кемсіту болып саналады. Себебі Құранда ашық айтылған ондай аят жоқ", - дейді Асылтай Тасболат.

Дінтанушы көп әйел алу мәселесіне қатысты да пікір білдірді.

"Фазлур Рахманның "Құрандағы әйел мәртебесі" деген мақаласы бар. Соның ішінде төрт әйел алуға қатысты аятта тағы да бір әлеуметтік бір мәлімдеме бар дейді. Араларында әділдік ұстана алмаймын деп қорықсаңдар, біреуін ғана қанағат тұтыңдар деген жері бар дейді. Кейбір Ислам әлеміндегі мемлекеттер, Тунисті айтты ғой деймін, осыны құқықтық мәлімдемеге айналдырып, көп әйел алуға шектеу қойған. Әйелге қатысты шешімде басты ұстаным Құранда эксплуатация деген нәрсе жоқ дейді және әділ болыңдар, олардың артынан түспеңдер, ақысын жемеңдер, зәбір көрсетпеңдер деген нәрселер бар дейді. ...Пайғамбар заманында мәртебесі көтерілген әйелдер кейінгі кезеңде керісінше төмен қарай кете бастады деген нәрсені айтады. Сосын сегрегация деген нәрсе Құранда жоқ, содан бастайды. Еркек пен әйел бөлек отыру керек деген нәрсе жоқ дейді. ...Ар-ұятты сақтаңдар деген нәрсе бірінші еркектерден бастап, сосын әйелдерге айтылады дейді", - деді дінтанушы.

Сарапшының пікірінше, қазір талақ деген дүние ойыншыққа айналған.

"Талақ деген нәрсе ойыншыққа айналып кетті. Кейбір орталарда ажырасып кете салады. ("Әйелқұмар, нәпсісін тыя алмайтын еркектер өздеріне тиімді болуы үшін пайдаланып жатыр ма?" деген сауал қойылды - еск.). Әрине, солай да түсінуге болады. Себебі Исламның 1400 жылдық тәжірибесі бар. Оның тәжірибесін негізінен патриархат қоғам (пайдаланды - еск.), яғни ер адамдар үстемдік құратын қоғам", - деді ол "Байсеміз LIVE" арнасына берген сұхбатында.

Дінтанушының сөзінше, жаңа интерпретация керек.

"Құқықтық шешімде болсын, кейінгі шешімде болсын бәрінде дереккөз бір: Құран, хадистер. Бірақ интерпретация деген нәрсе бар, ол ешқашан тоқтамайды. Соңғы кезде осы нәрсені айтып жүрмін. Ғылым мен сенім - екі түрлі дүниетаным формасы. Дін адамның ішкі сенім, эмоциясымен байланысты. Бірақ сенімді де, сенім негізгі дереккөз қылып тұрған Құранды да түсінуде, интерпретациялауда еркіндік болуы керек. Діннің функциясы - әлемді тану, Құдайға сенім", - деді сарапшы "Байсеміз LIVE" арнасына берген сұхбатында.


Рекомендовать
Последние новости