Атышулы торт ісі: Астанада блогерге қатысты сот үкімі шықты

Көркем Алдабергенова 29 окт. 2025 13:05

Астанада атышулы торт ісіне нүкте қойылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

29 қазанда Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты кондитер Нұршат Ақбергенованың талап қоюына сәйкес, торт дайындау бойынша берешекті өндіру, таратылған мәліметтердің шындыққа сай еместігін және арыз берушінің ар-намысы, қадір-қасиеті мен іскерлік беделін қорлайтынын тану, сондай-ақ моральдық зиянның өтемақысын өндіріп алу туралы блогер Әселина Батырға қатысты істі қарады.

Сот талқылауы барысында тараптар арасында торт дайындау және оны жауапкерге салтанатты іс-шараға беру бойынша нақты шарттық қатынастар қалыптасқаны анықталды.

Жауапкер көрсетілген өнімді алғаны және пайдаланғаны туралы фактімен келісті.

Өнімнің түпкілікті құны тараптар арасында алдын ала келісілмеген.

Сот талап қоюшы тапсырысты қабылдау кезінде тапсырыс берушіні өнімнің бағасы туралы хабардар етпегенін және ингредиенттерге жұмсалған шығындарды растайтын дәлелдемелерді ұсынбағанын атап өтті. Сондай-ақ, торт талап қоюшы жұмыс істейтін мейрамхананың өнімдерінен дайындалғаны және пайдаланылған материалдардың құнын растайтын құжаттар сотқа ұсынылмағаны көрсетілді.

Блогер торттың құнын 300 000 теңге мөлшерінде мойындап, 100 000 теңге алдын ала төлем жасағанын ескере отырып, сот жауапкерден талап қоюшының пайдасына 200 000 теңге өндіруге шешім қабылдады.

Сонымен қатар, сот жауапкердің Instagram және Threads әлеуметтік желілерінде талап қоюшыға қатысты «алаяқ», «ақша бопсалайды» деген мазмұндағы шындыққа сай келмейтін, ар-намысы мен іскерлік беделін қорлайтын мәліметтер жариялағанын анықтады.

Аталған мәліметтер сотпен шындыққа сәйкес келмейді және талап қоюшының ар-намысы, қадір-қасиеті мен іскерлік беделін қорлайды деп танылды.

Сот блогерді осы әлеуметтік желілерде таратылған мәліметтерді теріске шығару жөнінде жарияланым орналастыруға міндеттеді.

Кондитердің моральдық зиянды өтеу туралы талап қоюы ішінара қанағаттандырылып, оның пайдасына 100 000 теңге мөлшерінде өтемақы өндіру белгіленді.

Сот шығындары қанағаттандырылған талап қоюлар көлеміне пропорционалды түрде бөлінді.


Рекомендовать
Последние новости