Сенат депутаттары күні кеше банк саясаты саласындағы келісімдерді ратификациялады. Мәселен, мақұлданған "Еуропа Қайта құру және даму банкін құру туралы келісімнің 1-бабына банк операцияларын географиялық қамтуды Сахарадан оңтүстікке қарай орналасқан Африка елдері мен Иракқа шектеулі түрде және біртіндеп қолдануды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін түзетулерді ратификациялау туралы" заң банк операцияларының географиялық ауқымын кеңейтуді көздейді, деп жазады Dalanews.kz.
Қазақстан үшін Африканы банк операциялары аймағына қосу миллиардтаған халқы бар елдердің жобаларымен байланыс орнатуда және инвестицияларды жүзеге асыруда жаңа мүмкіндіктерге жол ашады деп болжанады. Банк қызметін бұлай кеңейту оның қазіргі операциялық елдерін қолдау қабілетін төмендетпейді, банктің ААА деңгейіндегі кредиттік рейтингіне қауіп төндірмейді және капиталға қосымша жарналарды талап етпейді.
Сондай-ақ Сенаттағы отырыс кезінде қаралып, мақұлданған "Еуропа Қайта құру және даму банкін құру туралы келісімнің 12-бабының 1-тармағына жай операцияларға жарғылық капиталды шектеудің күшін жою мақсатындағы түзетулерді ратификациялау туралы" заң ЕҚДБ Директорлар кеңесіне банк капиталының жеткіліктілігі нормативтері туралы жедел шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Бұл кредиттік қызметтің икемділігін арттырады және Қазақстанның негізгі жобаларын тиімді қаржыландыруды қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ Сенатта мақұлданған "Мемлекеттік (муниципалдық) сатып алуды жүзеге асыру кезінде банк кепілдіктерін өзара тану туралы келісімді ратификациялау туралы" заң ЕАЭО-ның өзге елдерінде банктік кепілдіктерді пайдалану үшін құқықтық негіз қалыптастырады. Бұл қазақстандық жеткізушілердің ЕАЭО елдеріндегі мемлекеттік сатып алуларға қатысуын жеңілдетуге мүмкіндік береді.
"Қаралған келісім Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер арасында банк кепілдіктерін өзара тану үшін құқықтық негіз қалыптастыруды көздейді. Заңның мақұлдануы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің мемлекеттік сатып алуларына қатысу үшін бизнеске тең мүмкіндік жасауға, сондай-ақ, тараптар арасындағы экономикалық белсенділікті арттыруға мүмкіндік береді деп сенеміз", – деді Мәулен Әшімбаев.
Айта кетсек,ЕҚДБ құрамына Қазақстанды қоса есептегенде 72 мемлекет кіреді.