Қазақстанда тұрғын үйлердің подъездері мен баспалдақ алаңдарына арба, велосипед, самокат, тіпті ескі жиһаз қоюға заң жүзінде тыйым салынады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Krisha.kz мәліметінше, мұндай әрекет өрт қауіпсіздігі талаптарын өрескел бұзады. Төтенше жағдай кезінде эвакуациялау жолы ашық әрі бос тұруы қажет.
«Жеке заттарды тек арнайы бөлінген орындарда – ортақ қоймаларда немесе арба қоятын бөлмелерде сақтауға рұқсат беріледі. Подъезді жеке бас мақсатында қолдануға заң жүзінде тыйым салынған. Бұл талапқа арба да кіреді. Егер көршілеріңіз велосипед, арба, жиһаз, самокат сияқты жеке мүліктерін баспалдақ алаңына қойса, фото және видеоға түсіріп, полицияға шағымдана аласыз. Мұндай әрекет Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 505-бабына сәйкес келеді», – дейді заңгер Аркадий Рубцов.
ҚР ӘҚБтК 505-бабы («Аумақтарды абаттандыру ережелерін бұзу») бойынша, жеке тұлғаларға алдымен ескерту беріледі немесе 20 АЕК (шамамен 79 000 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Егер заң бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл мөлшері 30 АЕК-ке (118 000 теңгеге) өседі.
Заң бұзушыға «ешкімге зияны жоқ» деген самокат үшін де, баспалдаққа тасталған ескі диван немесе қоқыс салынған қораптар үшін де дәл осындай шара қолданылады.