Еңбек еткісі келетін адам уақыт өткізбеуі керек – қызғалдақ өсіруші кәсіпкер

Қуаныш Ермекова 29 февр. 2024 21:28 2457

Кәсіп ашып, еңбектің көзін табамын деген жанға алынбас қамал жоқ. Егін егу, гүл өсіру машақатымен қатар жүретін жұмыс болса да, жайқалып өскеннен кейінгі нәтиже еңбек адамының өзін ғана емес, өзгелерді де қуанышқа бөлейді. Гүл егіп, кәсіп ашқан Жетісу облысының тұрғыны – cоның айғағы. Оның күн сайынғы тынымсыз еңбегі – кез келген адамға үлгі-өнеге. Көктем келсе, гүл шоқтары еріксіз еске түседі.

Бүгінде Жетісу облысының тұрғыны Бауыржан Бөлегенов арулар мен қыздардың төл мерекесі саналатын 8 наурыз халықаралық әйелдер күніне орай 30 мыңға тарта қызғалдақ өсіріп отыр. Оның бақшасында голландия қызғалдағының 14 түрі бар.

Бауыржан Бөлегеновтың негізгі мамандығы – өнеркәсіп альпинисі. Сарқан ауданының тұрғыны бос уақытын қалт жібергісі келмейді. Еңбекқор азамат оның орнына өз бақшасында қызғалдақтың әр түрін өсіруді ұйғарған. Қазір оның бақшасында алуан түсті, түрлі қызғалдақ өсіп жатыр. Жетісу облысының тұрғыны бұл кәсіпке бекер келмеген. Оның сөзінше, елде де өсетін қызғалдақ неге шетелден тасымалданады деген ой болған. Бұл гүлдің шарықтап өскен бағасына, одан қалды сапасының нашарлауына әкеп соғады екен. Есесіне Бауыржанның бақшасында өскен гүл шоқтары бағасы жағынан да, сапасы жағынан да шетелден әкелінгеннен асып түспесе, кем түспейді. Осы орайда өңірдің еңбекқор азаматымен тілдесіп, бұл кәсіпке қалай келгенін сұраудың сәті түсті.

 

– Бауыржан, неге дәл осы гүл өсіру кәсібін таңдадыңыз, неге көкөніс, жеміс-жидек емес, гүл өсіремін деп шештіңіз?

– Гүл өсіру – белгілі бір маусымға созылатын, маусымдық жұмыс. Көкөніс емес қызғалдақ өсірумен айналысқанымның себебі cол – көкөніс өсіру қиынырақ болар еді. Бақшамнан жылыжай жасап алдым, ауданы 110 шаршы метр болады. Кейін голланд қызғалдақтарының тамырларын сатып алып, іске кірісіп кеттім.

– Қазір бақшаңызда қанша гүл бар? Олар қандай да бір ерекшеліктері бойынша бөліне ме әлде бәрі бірдей ме?

– Голланд қызғалдағының 14 түрінен 30 мыңға тарта гүл отырғыздым. Қазірдің өзінде гүлдегендері де бар, өйткені кейбір сорттары ерте гүлдейтіндер қатарына жатады.

– Гүлдер қандай да бір арнайы күтімді қажет ете ме? Қалай баптайсыз?

– Гүлдер арнайы технологиялық стандарт бойынша сақталады. Ол үшін жазғы ас үйді де пайдаландым. Одан бөлек гүл ерекше күтімді, қамқорлықты талап етеді. Тіпті температураның қалыпты болуы, ылғал деңгейі, көзге көрінбейтін басқа да ұсақ-түйек нәрселер жетіп артылады. Алда осы қызғалдақтарға сұраныс артады деген сенімім бар.

– Гүл өсіруге сізге кімдер қолғабыс етеді? Әлде тек өзіңіз айналысасыз ба?

– Гүл баптауға жұбайым Рания да көмектеседі.

– Бақшаңызда қазір қандай гүлдер бар?

– 14 түрлі сұрыптағы қызыл, қызғылт, ақ, жалпы алуан түсті гүлдер бар, оның ішінді пион тәрізді сорты да бар.

– Ал бұл кәсіппен қашаннан бастап айналысасыз? Бұрыннан гүл өсіресіз бе?

– Гүлмен айналысқаныма биыл – бірінші жыл. Әр жұмыстың қиындығы мен қызығы бар шығар. Гүл шыққан кезде әдемілігі көздің жауын алады. Өзіне сай қиындығы да бар.

– Кәсіпті бастауға қанша қаржы құйдыңыз, болашаққа жоспарыңыз қандай?

– Бұл кәсіпті бастауға 6 миллиондай қаражат кетті. Болашақта кәсіпті одан әрі кеңейтуді жоспарлаймын. Тіпті 100-150 мыңға жеткізсем деген ойым бар.

– Бұл кәсіпті бастағаныңызға орай мемлекеттен қолдау бар ма және осы тұста өз ісін ашқысы келетіндерге, еңбекпен айналысқысы келетіндерге не айтасыз?

– Мемлекеттен субсидия алмадым, бірақ қолдау бар, жауапты органдар жағдайды сұрап жатыр. Қандай көмек керегін де сұрап жатыр. Ал еңбек еткісі келетін адамдарға уақытты босқа өткізбей, кәсіп ашқандары жөн деп ойлаймын.

 


Рекомендовать
Последние новости