Ағайынды Рысқалиевтерде Назарбаевқа қандай компромат бар?

Көркем Алдабергенова 29 февр. 2024 09:58 7648

Инсайдерлер Бергей Рысқалиев пен Асқар Мусин Лондонда не істеп жүргенін айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz "Республикаға" сілтеп. 

Қазір Атырау облысын ұзақ жылдар бойы басқарған Бергей Рысқалиев Лондонда тұрып жатыр. Оның ағасы Аманжол Рысқалиев те сонда болуы мүмкін.  

Инсайдерлердің дерегінше, Бергей Рысқалиев пен оның сыбайластарының елден қашып, босқын болуына Аслан Мусин көмектескен. 

2013 жылы Рысқалиевтер бюджет қаражатын жымқырып, қылмыстық топ құрды деген күдікке ілінді.

2019 жылы Рысқалиев сырттай 17 жылға сотталып, ағасы Аманжол 16 жылға сотталды. Одан бөлек, мүліктері тәркіленді.  

Рысқалиевтер экс президентке қоқан-лоқы көрсетіп жүргені туралы әңгімелер 2019 жылы шыға бастаған болатын. Сол кезде пабликтерде Назарбаев Лондондағы Гайд-паркте миллиардер Владимир Ким мен Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Ерлан Ыдырысовпен кетіп бара жатқан видеосын таратқан болатын.

Кейіннен Рысқалиевтердің адамдары Владимир Кимнің апартаментін қоршап алған кадрлар Рысқалиевтердің қолында болған көрінеді.  

Бұл жағдайды зерттеп жүрген инсайдерлердің сөзінше, Рысқалиевтердің қолында Назарбаевтың үшінші әйелі Әсел Исабаеваға қатысты компромат бар. Бұл туралы қазіргі мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи де айтқан болатын. 

Айта кетейік,Назарбаев өз өмірі жайлы баяндаған кітабында саяси айтыс-тартыстан бөлек, жеке өміріне қатысты қым-қуыт оқиғаларды жіпке тізіп берген болатын. Ол тоқалы бар (екінші отбасы) екенін тұңғыш рет мойындайды. Әсел Исабаеваға ес-түссіз ғашық болғанын айта келе, екеуінің арасындағы махаббат хикаясын майын тамызып баяндайды.

Одан туған екі ұл - Тауман мен Бәйкеннің ұрпақ сабастығын жалғап, әулеттің үзілгелі тұрған үмітін қайта тірілткенін әңгімелейді. Назарбаевтың қос мұрагері - ат жалын тартып мінер жасқа жетті. Тауман 2005 жылы өмірге келсе, Бәйкен 2008 жылы дүние есігін ашқан.

Ал Аслан Мусин 2017 жылы қаңтарда зейнетке шыққан кезден бері Еуропада тұрып жатыр.

"Республика" инсайдерлерінің сөзінше, Ол Латвияда тұрады. Оның бұл елде тұруы да бекер емес көрінеді - президент әкімшілігін басқарған Мусиндер әулетінің біршама активі бар. 

Күні кеше Бас прокуратура Рысқалиевке байланысты жаңа деректі бөлісті. Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев “Қазақстанда сотталған Бергей Рысқалиев қалайша Лондонда емін-еркін жүр?” деп сұраған БАҚ өкілдеріне Шындалиев мәселенің бұлыңғыр екенін айтып, экс-шенеунікті елге жеткізу әзірге мүмкін емес екенін атап өтті.  

Бұған дейін Dalanews.kz-ке пікір білдірген экономист Айдар Әлібаев Бергей Рысқалиевтің мал-мүлкін маңдай терімен тапқанына күмән келтірген.

"Мемлекеттен жырған 72 млрд өз алдына, Қазақстанда тұрып 185 объектіге иелік ету, мұның бәріне адал еңбекпен қол жеткізу мүмкін бе? 


Әлбетте егер Рысқалиев мұның бәрін өз еңбегімен тапса таласым жоқ, бірақ бұған дәлел ретінде оның ресми табысын да жариялау керек еді.


Ал Бас прокурорға айтарым, бұлай үнсіз кетуге болмайды. Іс-әрекетіңізді ел-жұртқа түсіндіруге тиіссіз. Халық күтіп отыр. Тіпті не болғанын да түсінбей қалды. Тәуелсіз Қазақстанның тарихында дәл мұндай сорақы шешім шығарылмаған!

Ағайындылардың дүние-мүлкін қайтару туралы шешім онсыз да көптің көңілі қалған сот жүйесі мен қылмыстық атқару жүйесінің беделін құлдырата түспесе, көтермейді" деген еді сарапшы.


Рекомендовать
Последние новости