Қазақстанда ең төменгі жалақы мөлшері (ЕТЖ) артады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін министр журналистерге берген сұхбатында 2024 жылы алғаш рет Еңбек министрлігі ең төменгі жалақыны есептеу әдістемесін бекіткенін атап өтті. Жаңа тәсілде еңбек өнімділігі, нарықтағы медианалық жалақы мөлшері мен инфляция деңгейі ескеріледі.
"Қазір бірнеше зерттеу институты еңбек өнімділігі мен медианалық жалақыны аймақтар мен салалар бойынша нақтылап зерттеп жатыр. Осы деректер ең төменгі жалақыны есептеудің негізіне алынады", — деді Жақыпова.
Министрдің айтуынша, нақты сома зерттеу жұмыстары аяқталған соң белгілі болады.
"Біз бұл жұмысты жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Осылайша, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап ЕТЖ-ні көтереміз", — деп түйіндеді ол.
Еске сала кетейік, бұған дейін вице-премьер, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин де еліміздегі ең төменгі жалақы көлеміне қатысты пікір білдірген болатын