Елордадағы орыс театры 123-маусымын жаңартылған ғимаратта бастады

Dalanews 25 окт. 2023 15:08 1496

Астанада Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры күрделі жөндеуден кейін тарихи ғимаратта жаңа 123-маусымының шымылдығын ашты, – деп хабарлайды Dalanews.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Алғашқы күні көрермендер К.Жүнісовтің «Әлия» драмасын тамашалады. Туындының қоюшы режиссері – И.Седин. Спектакль Екінші дүниежүзілік соғыстың батыры Әлия Молдағұлованы еске алуға арналған.

Театрдың салтанатты ашылу рәсіміне Астана қалалық Мәслихат депутаты Мәдина Әжікенова қатысты.

– Республика күні қарсаңында елордада «Әлия» спектаклінің премьерасы өтті. Барлығы бұл кейіпкердің шынайы өмірде болғанын, оның Әлия Молдағұлова есімді қыз екенін біледі. Ол фашистермен күресте өзін батыл әрі елі үшін жанын берген қаһарман ретінде көрсеткен. Бұл спектакльде ғалым, ҚР Өнер академиясының академигі Марат Әбсеметов секілді өзге де көптеген тұлғаларды кездестірдім, – деді депутат.

Естеріңізге сала кетейік, тарихи ескерткіш ретінде мемлекет қорғауындағы театр ғимаратына таяуда күрделі жөндеу жүргізілді.


Жаңартылған залдардан және кабинеттерден басқа театрда заманауи сахналық, цифрлық дыбыстық және жарық жабдықтары орнатылған.

– Жөндеу жұмысы бес жылға созылды. Осылайша 123-театр маусымы ашылып отыр.Бүгін біз қойған пьесаның орны бөлек. Ол біздің жерлесіміз, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туған күніне орайластырылған. Бүгін көрермендер Әлия рөлінде дебют жасаған талантты актриса Айжұлдыз Бағланованың ойынын тамашалады. Бұл күн әрбір қазақстандық үшін орны ерекше Республика күнімен тұспа-тұс келді. Осы іс-шарадан кейін Қазақстанның түкпір-түкпірінен актерлер жиналатын форум өтеді деп күтілуде. Театр сыншылары Алматы мен Санкт-Петербургтен арнайы келеді, – деді театр директорының орынбасары Александра Кустовская.

Қараша айынан бастап астаналықтар жаңа спектакльдерді, театрдың сүйікті қойылымдарын тамашалай алады.

Рекомендовать
Последние новости