Елордада көпбалалы аналарға қолдау көрсететін 8 орталық табысты жұмыс істеуде

Dalanews 15 апр. 2021 06:36 922

Елордада жыл басынан бері әлеуметтік осал топтармен жұмыс істейтін сегіз орталық ашылған, – деп хабарлайды 24.kz. Бүгінде мұндай орындар көпбалалы аналар мен ерекше қажеттіліктегі жеткіншектерді тәрбиелеп отырған отбасылар үшін қажет. Орталықтардың мақсат-міндеті не? Қандай бағытта жұмыс істейді? Енді осы сауалдарға жауап берсек.

Жанар Баймұхамбетова алтын құрсақты ана. 9 баланы дүниеге әкелген ол қазір осы орталықтағы тігін цехында еңбек етеді. «Тапқан табысым бала-шағамды асырауға жеткілікті» дейді көп балалы ана. Бұрындары жұмыссыз жүрген Жанарды өзі секілді аналар осында шақырған. Қазір «екі қолға бір күрек» ұстаған ол, қыз жасауы мен түрлі бұйымдар тігуді меңгеріп алыпты.

– Ешқандай жұмыстан қашпаймыз. Қандай жұмыс болса, соны істеуге тырысамыз. Бұл жердің біздерге берері көп. Өйткені бұл жерде алтын құрсақты аналарымыз бас қосады. Бір-бірімізге көмектесеміз. Сөзбен болса да, іспен болса да көмек-қолдауымызды аямаймыз. Бүгінде басты мақсатымыз қолымыздан келетін қазақ қол өнерін дамыту және отандық өнімді өркендету, – дейді Жанар Баймұхамбетова.


Әлеуметтік осал топтармен жұмыс істейтін бұл орталықта оннан аса ана жұмыс істейді. Олардың әр қайсысына жүктелген өз міндеті бар. Бірі тігін тіксе, енді бірі дайын өнімді өткізумен айналысады. Қазір көп балалы аналардың қолынан шыққан заттарға сұраныста бар.

– 9-10 баласы бар аналардың біразы осында жұмыс істейді. Тігін тігуді білмей келген біраз анаға тігін тігуді үйреттіп жатырмыз. Көшеге шығып, үкіметке қол жайып жүргенше өз нәпақамызды табайық деп шешім қабылдадық. Бір жыл бұрын ашылдық. Ақырындап жұмыс бастадық. Нәтижесі жаман емес, – дейді орталық жетекшісі Алида Отарбаева

Ал алтын құрсақты аналар жұмыста болған кезде олардың ұл-қыздары үйде білім мен тәрбиеден алыстамас үшін арнайы білім беру орталығы да ашылған. Қазір мұнда 90 нан астам бала келіп білім алады. Орталық құрған Ұлжан Мырзагелдиева ағылшын тілі мен домбыра тартуды үйренуге ынта танытқан жастардың қатары көп екенін алға тартты.

– Оқу орталығының басты мақсаты көп балалы отбасылардың балаларына тегін білім беру. Мұндай отбасылардың балаларына көмек беру себебіміз олардың жағдайы қосымша оқытуға жағдайы келе бермейді. Біз қолдап, карантин талаптарын сақтай отырып балаларға жағдай жасаудамыз, – деді Ұлжан Мырзагелдиева. «Біз үйде 5 баламыз. Менің осы жерге келіп домбыраны үйрене бастағаныма  2-3 ай болды. Қосымша ағылшын оқимын. Маған орталық ұнайды» дейді Әсем Мәметхан.

Қазіргі таңда елордада ашылған 8 орталықта жүзден аса қыз-келіншектер жұмыспен қамтып отыр. Ал мамандығы сай келмейтін кейбір көп балалы аналар қайта даярлау курсынан өтуде.

– Жұмыстың ең мақсаты аналарға балық бермей қармақ беру. Жұмыспен қамтамасыз ету. Бұл аналардың ынтасы, әкімдіктің емес. Солардың ынтасын жүзеге асырып, солардың бастамаларын қолдап кей жерлерде ғимаратпен, жиһазбен көмектесіп кейде түрлі бағыт беріп осы орталықтардың жандануына көмектесудеміз. Мұндай орталықтардың жұмысын жүйелендіру үшін алдағы уақытта «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсету жобасы жоспарлап отырмыз.


Ең басты мақстамыз халқымыздың санын көбейтіп, демографияға үлес қосқан алтын құрсақты аналар мен ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған жандарға қолдау көрсету болып табылады, – дейді Нұр-Сұлтан қалалық ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұрат.

Рекомендовать
Последние новости