Елордада жастарға сатып алу құқығынсыз жалға пәтерлер беру мәселені шешуде

Dalanews 15 июн. 2021 19:34 807

Жыл санап тұрғындарының саны артып келе жатқан Нұр-Сұлтан қаласында баспанамен қамту мәселесі қашанда өзекті. Қазіргі таңда қалада пәтер кезегінде 48 мыңнан астам адам тұр, – деп хабарлайды Dalanews.kz елорда әкімдігінің ресми сайты.

Сәйкесінше қала билігі тұрғындардың пәтер мәселесін шешуде ауқымды шаралар легін қолға алған. Өткен жылы елордада жалпы көлемі 3 миллион шаршы метр болатын тұрғын үй салынып, ел игілігіне берді.

Сондай-ақ, әлеуметтік пәтер беру көрсеткіші де еселеп ұлғайды. Мәселен 2019 жылы шаһарда 2900 әлеуметтік пәтер пайдалануға берілсе, биыл бұл көрсеткіш 10 мыңға дейін артты.

Мұнан бөлек Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сай, жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға пәтерлер беру туралы тапсырмасы да көп түйіткілдің түйінін тарқатуға мұрындық болды.

2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі Елбасы тапсырмасын толықтай орындап, жұмысшы жастарға 1050 пәтердің кілтін табыстады. Өткен жылы әлемдік пандемияға байланысты бұл бағытта бөлінген қаражат мөлшері қысқарып, жастарға 350 пәтер беру туралы шешім қабылданған-ды. Жұмысшы жастарға пәтерлер Нұр-Сұлтан қаласындағы Р.Қошқарбаев даңғылы, Қордай және № 23-31 көш. қиылысындағы аудан, Абылай хан даңғылы мен Б.Момышұлы және Р.Қошқарбаев даңғылдарының қиылысы мекенжайларындағы тұрғын үйлерден берілді.



Ендігі кезекте олар осында 5 жыл тұрып, өз пәтерлерін алуға қажетті бастапқы жарнаны жинайды. Талайдың баспаналы болуына қол ұшын созатын жобаға жасы 29-дан аспаған, жұмыс істейтін жастар қатыса алады. Ең бастысы олардың меншігінде ешқандай тұрғын үй болмауы керек. Есесіне «Отбасы банкінде» депозиттік шотының болуы құпталады. Сонымен қатар соңғы 6 айда кемінде 111 мың 120 теңге табысы болғаны жөн. 2020 жылғы 1-6 желтоқсан аралығында Нұр-Сұлтан қаласының жұмыс істейтін жастары үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін баспанаға өтінімдер қабылданды. Жобаға жалпы 5463 жас қатысқан. Солардың арасында айы оңынан туып, жалдамалы пәтер иеленгендердің бірі – елордалық педагог Мағжан Дәнебеков.

– Ақпан айында Абылай хан даңғылындағы №56А тұрғын үйден 1 бөлмелі пәтерді жалға алдым. Жалдау ақысы қаладағы жалдамалы пәтер нарығымен салыстырғанда бірнеше есе арзан. Мен осы пәтерде тұрып, ипотекалық бағдарламаларға қатысу үшін алғашқы жарнаны жинау мүмкіндігіне ие болдым. Көршілерімнің барлығы да – осындай әлеуметтік бағдарлама қатысушылары. Осы қалада 15 жылдан бері тұрып келемін. Отбасымен пәтер жалдап күнелтудің қиындығы маған мәлім. Сондықтан да жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға пәтерлер беру жобасын баспанамен қамтудағы баянды екенін сеніммен айта аламын, – дейді Мағжан Жандосұлы.

Ал қала әкімдігі биыл жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз 1050 пәтер жалға берілетінін мәлімдеді. Бұл дегеніңіз, осыншама жастың баспана мәселесін шешуге нақты қадам жасалғанын көрсетеді.

https://www.youtube.com/watch?v=eDstrJ8HIGY

Рекомендовать
Последние новости