Елорда тұрғындары медициналық сақтандыру жүйесіне жұмылдырылуда

Dalanews 28 авг. 2019 05:21 878

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі - бұл денсаулық сақтау саласындағы мүдделерді әлеуметтік қорғаудың мемлекеттік жүйесі.

Бұл жүйе біздің елімізде 2020 жылдың 1 қаңтарынан іске қосылады.



Қазіргі таңда тұрғындар арасында, сондай-ақ жұмыс беруші ұйымдар арасында ақпараттық түсіндіру іс-шаралары жалғасуда.

Бұдан бөлек, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының Халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарастыру бөлімі әр аптаның дүйсенбі күндері ХҚКО-да, жұма күндері «Нұр-Отан» партиясы» қоғамдық бірлестігінің қалалық филиалында ақпарат-кеңес беру жұмыстарын жүргізеді.

Жуырда Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Б.Мәкен бекіткен арнайы кесте бойынша мемлекеттік органдардың (басқармалар, медицина ұйымдары, т.б.) қызметкерлері үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу бойынша ақпараттандыру шаралары ұйымдастырылды.

Қазақстан Республикасының Үкіметі 2019 жылдың 20 маусымында № 420 және № 421 Қаулысымен алдағы жылы тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі (ТМККК және МӘМС) бойынша көрсетілетін қызметтер тізімін бекітті. МӘМС жүйесі іске қосылатын 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап елорда тұрғындарына осы екі түрлі пакет бойынша медициналық көмек көрсетіледі.

Біріншісі – тегін медициналық көмектің кепілдендірілген (ТМККК) пакеті. ТМККК пакеті бойынша бастапқы медициналық-санитарлық көмек азаматтардың бәріне, бюджет есебінен тегін көрсетіледі. Сондықтан да бұл кепілдендірілген стандарт болып саналады.

ТМККК пакетіне сақтандыру жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан, елдің барлық тұрғындарына қолжетімді, жедел медициналық көмек және санитариялық авиация, шұғыл стационарлық көмек, паллиативтік көмек енгізілген. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар аурулар, негізгі созылмалы аурулар кезінде консультациялық-диагностикалық көмек, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, жоспарлы және стационарлық көмек, сондай-ақ медициналық оңалту қолжетімді болады.

Екіншісі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакеті.

МӘМС пакетіне бағасы қымбат операциялар, сирек медициналық қызмет түрлері, салалық мамандардың қабылдауы, т.б. сынды қызметтер кіреді. Оны медициналық сақтандырылған азаматтар ғана пайдалана алады.

МӘМС пакетіне ТМККК шеңберінде емдеу жағдайларын қоспағанда, консультациялық-диагностикалық көмек, оның ішінде қымбат тұратын зертханалық қызметтер, ТМККК-ден тыс амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, стационарды алмастыратын көмек және жоспарлы стационарлық көмек, медициналық оңалту және қалпына келтіру емі енгізілген.

    Бүгінгі таңда жекелеген медициналық қызметтерді алу үшін заңнамамен азаматтардың әлеуметтік жағынан осал 8 санаты анықталды, оның ішінде балалар, жүкті, көп балалы аналар, зейнеткерлер және т. б.


2020 жылдан бастап МӘМС енгізу кезінде заңмен 15 жеңілдік санаттағы азаматтар анықталды. Бұл тұлғаларды (олардың саны шамамен 10,9 млн адамды құрайды) мемлекет сақтандырады.

Тұрғындар денсаулығын сақтаудағы маңызды саланың бірі – бастапқы медициналық-санитарлық көмек, яғни, елордалықтар қаралатын емханалар, сондықтан осы салаға басымдық беріледі.


«Бастапқы медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында Нұр-Сұлтан қаласында емханалардың жүктемелерін азайтуға бағытталған іс-шаралардың картографиясы жасалды. Нәтижесінде, 2019 жылдың соңына дейін қала маңында тұратын 100 мыңнан астам тұрғындар өзі тұратын үйден 20 метр қашықтықта орналасқан емханалармен қамтамасыз етіледі.

Бұған жекеменшік инвесторлардың көмегімен жаңа емханалар, дәрігерлік амбулаториялар ашу арқылы қол жеткізуге болады. Болашақта емхана қызметі – медицина саласының бәсекелестік алаңына  айналары сөзсіз. Ал, бәсекелестік бар жерде, кез келген қызметтің сапасы артады, - дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру  қоры» КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.

Айта кетейік, Медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалымен келісімшартқа отырып, тапсырыс алып жатқан, соның ішінде емхана қызметіне қызығушылық танытып отырған жекеменшік клиникалар саны артып келеді. Биылғы жылы елордалықтарға мемлекеттік тапсырыс аясында медициналық қызмет көрсету үшін Қормен келісімшарт бекіткен 95 медициналық ұйымның  60-ы жекеменшік.

МӘМС енгізу шеңберінде медициналық қызметтердің қолжетімділігі кеңейеді, жекеменшік клиникаларды тарту арқылы бәсекелестік нәтижесінде, халыққа көрсетілетін медициналық қызмет сапасы артады.

Бүгінгі күннің өзінде елордамыздағы емханалар "Астана — адалдық алаңы" жобасы аясында  дәрігерлердің қабылдауына смарт-қосымша немесе бірыңғай call-орталық - 109 арқылы алдын ала жазылу арқылы "кезексіз" жұмыс режиміне көшті. 


Емхана немесе тікелей дәрігер туралы тілектер мен пікірлерді Smart Аstana мобильдік қосымшасы арқылы қалдыруға болады. Ол үшін ұялы телефонға арнайы QR-кодты сканерлеу жеткілікті.

Ақпараттық киоск пен смарт-қосымшадағы барлық ақпарат, соның ішінде шағымдар, дәрігерлердің жұмысын бағалау қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының ахуалдық орталығында жиналады, бұл көрсетілетін медициналық көмек деңгейін талдауға және сапаны жақсарту үшін шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.

Біз сөзбен айтқанда, еліміздегі, елордамыздағы емдеу мекемелері медициналық сақтандыру жүйесі бойынша жұмыс жүргізуге жұмылдырылуда.

 

 «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ


Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының


баспасөз қызметі


Рекомендовать
Последние новости