Қазақстанды цифрландыру: «Қазақтелеком» қызметкерінің көзімен

Dalanews 24 авг. 2019 07:56 856

Қали Есімбеков «Қазақтелекомға» қарасты Кселл компаниясында істейді. Компанияға 2004 жылы келген Қали қазір бұл мекемедегі тәжірибелі маманның бірі әрі Алматы облысы бойынша құрылғыларды орнату бөлімінің басшысы.

Еліміздегі цифрландыру саласының кешегісі мен бүгініне куә бір маман болса ол – Қали Есімбеков.

Бір жылдары Қалидің АҚШ-қа жолы түскен.

«Бұл ел DIGITAL-дандырудың ең жоғары деңгейіне жетіпті. Тамақтану саласынан бастап, түрмеге дейін бәрі-бәрі де цифрланған. Әрине, таңғалдым, таңдандым.

Америкада абақтыдан босағандардың басқан ізін аңдып, тәулік бойғы жүріс-тұрысын торып отыратын Big Data атты технология бар. Соның негізінде түрмеден шыққан қылмыскердің ертеңінде тағы да теріс жолға түспеуін бақылап, жылына жүздеген, мыңдаған қылмыстың алдын-алады екен әлгі жүйе.


Бұл не? Бұл цифрландырудың нәтижесі. Жаңа технологиялардың қоғамды жамандық пен зұлымдықтан арашалауға қосқан үлесі», – дейді ол.

Біздің кейіпкеріміз цифрлық технологиялар саласындағы білім толықтыруда Скандинавия елдерінің тәжірибесімен де танысқан екен.  

 «Дамыған елдердің салық органдары әлдеқашан цифрлы технологияларға көшкен.  Соның ішінде Скандинавия елдері DIGITAL-дандырудың игілігін көріп отыр.

Мұндағы салық органдарына тұрғындардың табысы, күнделікті кірісі мен шығысы, инвестициясы, мүліктерінің құны мен құндылығы туралы деректер түгел белгілі. Жоқ, мұның есеп қисабын адамдар жасамайды. Адамдардың салық есебін түзу алгоримге қойылған, оларды роботтар жүргізеді.

Салық қызметкерлері бір бума құжатты құшақтап, қағаз-қаламын қолтықтап жүрмейді бұл елдерде. Тұрғындар да декларация толтырып қара терге түспейді.

Салық алгорим негізінде есептеліп, алынып отырады, ал тұрғындардың телефонына осыған қатысты мәлімет қана келеді. Болды. Бар болғаны осы», – дейді Қали.



Оның айтуынша, Қазақстан да бұл керуеннен қалысқысы жоқ. Цифрландыру игілігін көріп отырған Орта Азиядағы бірден-бір ел – біз.

Ақпараттық технологияларды дамытудың 2016 жылғы рейтингінде (ICT Development Index) Қазақстан 175 мемлекеттің ішінде 52-ші орында тұрды. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы негізінде біздің ел 2022 жылы аталған рейтингінің 30-шы орнына көтерілуді көздеп отыр.


2025 жылы 25-ші, 2050 жылы 15-ші орыннан көрінуді жоспарлап отырмыз.

«Бұған көзіміз үйреніп кеткендіктен төңірегіміздегі цифрландыру көріністерін байқай бермейміз», – дейді Қали Есімбеков.

Оның айтып өткеніндей Қазақстан Орта Азия елдерінің арасында алғашқы болып Электронды үкіметті іске қосқан. Соның нәтижесінде БҰҰ-ның Электронды үкіметті дамыту индексінде 28-ші орынға көтерілген.

DIGITAL-дандырудың біздің өмірімізге етене енгенін дәлелдейтін бір мысал – Egov.kz.  

«Әзір Egov.kz және мобильді қосымша mGov арқылы қыруар қызмет түрін пайдалана аласыз.

Мемлекеттік қызметтің 53 түрін Egov.kz-тың мобильді қосымшасының көмегімен алуға болады.

 Оның ішінде – некеге тұру туралы анықтама беру, туу туралы анықтама алу, салық берешегін қарау және төлеу, жүргізуші куәлігін алу, дәрігер қабылдауына жазылу, балақайды балабақшаға кезекке қою секілді бір кездері сағаттап кезекте тұрып, жүйке жұқартып, қыруар құжат толтырып, алтын уақытты алатын қызмет түрінің дерлігі әзір – электронды.

Сервистік қызметтің 15 түрін үйден шықпай-ақ пайдалануға болады.

Мұның ішінде –  балабақшаға кезек нөмірін қарау, тұрғын үйдің кезек нөмерін қарау, лицензияларды тексеру, чектерді тексеру, кезекті онлайн брондау секілді сервистердің игілігін ел көріп отыр.

Елімізде төлемдердің 10 түрі цифрланған. Соның ішінде – мобильді байланысты төлеу, «Қазақтелеком» байланыс қызметін төлеу, коммуналдық қызметті төлеу, Тұрғын-үй жинақ банкіндегі депозит немесе несие шотын толықтыру, жүргізуші куәлігін айырбастау және алу үшін баж салығын төлеу секілді қызмет түрлерін ұялыңызды телефоныңызда интернет болса қас-қағым сәтте орындай аласыз», – дейді ол.



Сарапшымыз сонымен қатар еліміздегі электронды сауданың үлесі артып келе жатқанын тілге тиек етті.

«Былтыр еліміздегі электронды сауданың алыс-берісі 700 млн доллардан асты. Бұл Қазақстандағы тұтастай алғандағы бөлшек сауданың 3 пайызы.

Байқар болсаңыз, цифрландыру банктердің жұмысын өзгертті. Бүгінгі банктер бұрынғы біз білетін, классикалық үлгідегі қаржылық құрылымдар емес.

Интернет банкинг, банктердің мобильді қосымшалары қазір таңданыс туғызбайды. Керісінше осы арқылы жұмысында отырып-ақ несиесін өтейтін немесе өзге қызмет түрлерін пайдаланатын қолданушылар қатары көбейуде.

Еліміздегі 12 млн адам мұндай қызмет түрлеріне тіркелген екен, бұлардың 30 пайызы банктің қызметтерін мобильді қосымша арқылы ұдайы пайдаланады. Қазақстанда мобильді банкингтің көмегімен тәулігіне 7 млрд теңгеге жуық 400 мыңнан аса қолма-қол ақшасыз транзакция жүргізіледі», – дейді Қали Есімбеков.


Оның пікірінше алдағы 10 жылда Қазақстан толықтай цифрлық кеңістікке көшеді.

«Біз қағаз құжатқа қатты байланып қалғанбыз. Еңбек кітапшасы, келісімшарттар, аурухана кітапшасы тағысын тағы бар. Көптеген қызмет түрлері қалам мен қағазға, мөрге деген тәуелділік әлі де арылған жоқ. Психологиялық тұрғыдан адамдарға бұлардан бас тарту қиын. Бұған біртіндеп жетеміз.

2020 жылы Қазақстанның шалғайда орналасқан ауылдарына жылдам интернет жетіп, 2,5 млн-ға тарта адам ғаламторға қосылады. Келер жылдың соңына дейін «Қазақтелеком» ел көлемінде 16 мың шақырымды құрайтын талшықты-оптикалық желілер жүргізіп 828 ауылдағы 2 мыңнан аса мекемені интернетке қосады. Бұған ұялы байланыс саласының мамандары ретінде біздер белсенді түрде атсалысамыз», – дейді ол.

Оның пікірінше, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жылдам әрі сапалы интернеттің жүзеге асыру мүмкін емес. Бұл ретте «Қазақтелеком» компаниясына үлкен жауапкершілік жүктелген. Интернеттік сервистік қызметтерді дамыту бағытында компания алдымен өз қызметкерінің біліктілігін көтеруді қолға алған.

«Қазақтелеком» қызметкері ретінде біздің 5 құндылықты назарда ұстаймыз. Олар: Олар: клиент, нәтижеге деген жауапкершілік, кәсіпкерлік сана, цифрлық мәдениет және сарабдал шешім. Бұларды біріктіргенде CREDO  атты аббревиатураны құрайды», – дейді Қали Есімбеков.

Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ


 

 

 

 

 

Рекомендовать
Последние новости