Электронды темекі сатылымын шектеу керек пе, бақылауды күшейту керек пе? Жасылдар партиясы осы сауалды талқылады

Dalanews 15 нояб. 2023 03:37 1032

Қоғамда «вейп» деп аталып кеткен электронды темекілерді сатуға тыйым салу туралы ұсыныс бір емес, бірнеше жыл қатарынан ашық айтылып келді. Осы аралықта хош иісі бар құралдарға ересектерден бөлек, балалар да әуес бола бастаған. Осы проблеманың алдын-алу немесе жою үшін не істеу керек?


Электронды шылымға тыйым салу туралы ұсынысты қоғам белсенділері, ата-аналар, Мәжіліс депутаттары айтуындай-ақ айтты, жоғары мінберлерде көтерді. Ал шын мәнінде, электронды темекілерді тасымалдауға, сатуға тыйым салу арқылы мәселе шешіле ме? Осы шаруамен балаларды зиянды дүниеден қорғай аламыз ба?

Мысалы, «Байтақ» жасылдар партиясының жетекшілері бұл пікірмен келіспейді. Яғни, «электронды шылымдарды жеткізуге, сатуға тыйым салу арқылы іс бітпейді, оның айналымын қатаң бақылау қажет» деп санайды олар.



Бір сөзбен айтқанда «Байтақ» жасылдар партиясы вейптің сатылымына тыйым салуға қарсы екенін білдіре отырып, мұндай құралдарды табак және алкогольді заттармен қатар қатаң бақылауға алу керек деген ұстанымда екенін аңғартты. Бұл ұсынысты «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаевтың өзі былай түсіндірді:

«Аңғарсаңыздар, осы уақытқа дейін тыйым салу арқылы еш мәселе толық шешімін таппады. Қазір электронды темекілердің түр-түрі шығып жатыр. Әрине, біз халықтың, соның ішінде жасөспірімдердің темекі өнімдеріне жуымағанын қалаймыз. Қазір депутаттардың электронды темекі өнімдеріне қарсылық білдіріп жатқанын көріп, біліп отырмыз. Бұл қадам – бұрыннан темекінің кәдімгі түрін шығаратын компаниялардың көбірек табыс табуына жол ашады. Тағы бір жайт, электронды темекіге тыйым салынатын болса, бірден заңсыз тауар айналымы көбейеді. Яғни, ашықтық сақталмайды. Осы бағытта жұмыс істейтін кәсіпкерлердің салығынан қағыламыз. Кейін, заңсыз келген тауарды жастардың қалай пайдаланып жатқанын да зерделей алмаймыз. Айтпағым, тыйым салумен шектелу – мәселенің шешімі емес»


Ал «Байтақ» партиясы Жасылдар саясаты департаментінің директоры Азамат Айябергеновтің ойынша, бұл ретте тыйым емес, жүйелі жұмыстар қажет.

«Байтақ» жасылдар партиясы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясатына сүйене отырып, биліктің жүргізіп отырған реформаларын қолдайды. Түркістан өңірінде өткен Ұлттық Құрылтайда Мемлекет басшысы: «Ұлт саулығына зиянын тигізетін тағы бір кесел – вейп және түрлі электронды темекілер. Өкінішке қарай, оны тарту жасөспірімдер арасында сәнге айналып барады. Себебі, электронды темекі бәріне қолжетімді, оның зиянсыздығы туралы түрлі жарнамалар да көбейіп кетті. Іс жүзінде, жастарымыз өзіне қауіп төндіруде. Себебі, бұл – шын мәнінде, зиянды нәрсе. Вейп пен есірткінің арасы бір-ақ қадам. Осы қауіпті үрдіспен күресу үшін жүйелі және шұғыл шаралар қабылдау қажет. Тыйым салумен ғана мәселені шешу мүмкін емес», деген еді. Біз қазір елде қорқор ұсынатын орындарға шетеу қойылғанын білеміз. Бірақ, қалада мұндай орындарды табу түк те қиын емес. Кез келгенімізге есігі ашық. Сонымен қатар денсаулығыққа зиян келтіретін басқа да заттарға шектеу қойылғанымен, қатаң бақылауға алынбаған. Сол үшін де электронды шылымдардың сатылымын қатаң бақылау қажет. Шектеу қойылса, көлеңкелі бизнес пайда болады. Ал ересектер қандай өнім пайдаланса да өз еркінде болуы керек деп ойлаймын»


Темекі заттары нарығының қауымдастығы төрайымы Малика Бақытжанова электронды темекілерді сатып алу екінің біріне, яғни жасөспірімдерге қолжетімді болмауы тиіс деп санайды. Сонымен қатар, вейптердің қаптамасы мен дәміне де өзгеріс енгізу кажет.

«Қазір электронды темекіні кез келген адам сатып алуына болады. Баршаға қолжетімді. Статистикаға үңілсек, вейпті елге тасыған кәсіпкерлер барлық нормативтік актілерді сақтаған. Электронды темекілерге тыйым салу мәселесі 3 жылдан бері күн тәртібінде тұр. Бірақ, әлі заң қабылданбады. Жақын беріден осындай өнімдерді таңбалауға қатысты талаптар қойылды. Бұл талап – нарықтағы электронды шылымдарды таңба арқылы реттеуге жол ашты. Кәсіпкерлердің жұмысы да біршама жеңілдеді. Біз осы заңды кәсіпкерлерге үнемі түсіндіріп отырамыз. Кәсіпкерлер электронды шылымдардың қаптамасын көз қызықтыратындай емес, қарапайым әзірлеуге келісіп отыр. Сосын, тәтті дәмін де өзгертуге дайын. Жасөспірімдер мен балалардың темекі заттарына әуес болуына түбегейлі қарсымыз. Бірақ, ересектер шылымның қай түрін қолданатынын өздері таңдағаны дұрыс секілді. Біз вейптердің утилизациясын да өз құзырымызға алуға дайынбыз»


Электронды темекілерді шектеу кәдімгі темекі өндіретін компанияларға тиімді. Өйткені, олар электронды шылым сатылымға шыққалы шамамен 30 пайыз табысынан қағылып отыр. Вейптердің сатылымы бақылауға алынса, 2024-2030 жылдар аралығында шамамен 60 миллиард теңге ел экономикасына түсуі мүмкін деген болжам бар. Мамандар айтып отырған ұсыныс – электронды темекілерді жасөспірімдерге сатуға қатаң шектеу қойып, тек арнайы дүкендерде ғана сатуға рұқсат беру керек. Бұл ретте вейптерді онлайн саудалайтындарды да ескеру қажет.

Қазіргі таңда Қаржылық мониторинг агенттігі электронды шылымдарды елге заңсыз кіргізгендерді анықтап жатыр. Сәйкесінше, заңсыз тауар тасымалдағандар жауапкершіліктен құтылмайды.

Рекомендовать
Последние новости