Елбасы Беларусь президентімен кездесті

Dalanews 29 нояб. 2017 10:34 908

Мемлекет басшылары ресми кездесу рәсімінен соң шағын құраммен келіссөз жүргізді. Нұрсұлтан Назарбаев Минск қаласына ресми сапармен келуге шақырғаны үшін Александр Лукашенкоға ризашылық білдіріп, бұл сапар екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 25 жылдығы қарсаңында өтіп отырғанын айтты. Бұл туралы «Ақорда» сайты хабарлады.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Беларусь арасындағы байланыстардың тарихи тұрғыдан орныққан достық сипаты бар екенін атап өтті.

– Тарихи тұрғыдан қысқа уақыт ішінде айтарлықтай жетістіктерге қол жеткіздік. Біз қиын жағдайларда екіжақты ынтымақтастықтың мықты саяси базасын құрдық. Мемлекеттеріміз ашық әрі сенімді қарым-қатынастағы берік әріптес болып саналады, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Қазақстан мен Беларусь арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастығының даму қарқынына оң баға берді.

Сондай-ақ, президент ортақ интеграциялық бірлестік – Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы Қазақстан мен Беларустің экономикалық тұрғыдан өзара тығыз іс-қимыл жасап отырғанына тоқталды.

– Қазақстанда Беларусь Республикасының 260 кәсіпорны, бірлескен ірі 6 автомобиль құрастыру зауыты жұмыс істейді. Еліміздегі дүкендер сөрелерінде Беларустің ауыл шаруашылығы өнімдері сатылуда, – деді Мемлекет басшысы.

Александр Лукашенко Қазақстан Президентінің бұл сапары екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту тұрғысынан маңызды екенін атап өтті.

– Сіздің бүгінгі сапарыңыз елдеріміздің тауар айналымын арттыруға серпін беретініне сенімдімін. Ол үшін біздің мүмкіндіктеріміз зор, – деді Беларусь Республикасының Президенті.

Бұдан кейін екі елдің іскер топтары өзара басқосты. Келіссөз барысында сауда, өзара инвестиция, қаржы құралдары, білім және ақпараттық технологиялар, тұрғын үй  және жол құрылысы салаларындағы өзара стратегиялық ынтымақтастық мәселелері қарастырылды. Сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық одақ аясында трансұлттық корпорациялар құру мәселелері талқыланды.

Нұрсұлтан Назарбаев Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия жұмысы аясындағы екіжақты уағдаластықтардың маңызы зор екенін атап өтті.

– Біз Үкіметаралық комиссияның тең төрағаларына нақты тапсырмалар бердік. Сонымен қатар күн тәртібіндегі өзекті халықаралық және өңірлік тақырыптар бойынша пікір алмастық, – деді Қазақстан Президенті.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы екі ел арасындағы көлік-транзиттік ынтымақтастықтың өзекті екенін айтып, Қазақстан мен Беларусь арқылы тасымалданатын жүктер көлемінің артып келе жатқанына назар аударды.

Нұрсұлтан Назарбаев Беларустің ақпараттық технологиялар саласындағы жетістіктерін жоғары бағалап, осы саладағы өзара іс-қимылдың перспективаларын айқындады.

– Елдеріміз ақпараттық технологияларды дамытуға зор мән беріп отыр. Бізде «Алатау» ақпараттық технологиялар паркі бар, Назарбаев Университетінде зерттеулер жүргізілуде, «ЭКСПО-2017» базасында ІТ-стартаптар халықаралық технопаркі құрылуда, – деді Қазақстан Президенті.

Беларусь Республикасының Президенті Қазақстан-Беларусь арасындағы экономикалық қарым-қатынаста өсімнің төмендеуі еңсеріле бастағанын айтты.

– Сіздің бүгінгі сапарыңыз екі елдің тауар айналымын арттыруға мүмкіндік береді. Бұл ретте  Үкіметтеріміз мүшелері мен сарапшылар түрлі нұсқа мен өзекті шешімдер ұсынады, – деді Александр Лукашенко.

Тараптар келіссөз барысында талқыланған ауқымды мәселелер жөнінде ұтымды тәсілдер мен шешімдер әзірлеу үшін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің диалогын жандандыру қажеттігін атап өтті.

 

***

Мемлекет басшысы Беларусь Республикасына ресми сапары аясында өткен келіссөздерді қорытындылады.

Қазақстан Президенті берік әріптес саналатын екі ел арасындағы қарым-қатынастардың ашық әрі сенімді сипаты бар екенін айтты.

– Бүгінде біздің арамызда өзара оңтайлы шешімі табылмаған мәселе жоқ. Біз екіжақты күн тәртібінің кең ауқымды мәселелерін қарастырдық, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Александр Лукашенко екіжақты қарым-қатынас және интеграциялық бірлестік тұрғысынан стратегиялық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.

– Біз 25 жыл ішінде жай дос қана емес, сондай-ақ стратегиялық, экономикалық серіктеске айналдық. Қазақстан біз үшін екіжақты байланыстар тұрғысынан да, интеграциялық бірлестіктер мен халықаралық ұйымдар аясында да маңызды әрі уақыт сынынан өткен одақтас, – Беларусь Президенті.

Қазақстан Президенті келіссөздер барысында сауда-экономикалық саладағы өзара іс-қимылды дамытуға ерекше мән берілгенін атап өтті.

Мемлекет басшысы БАҚ өкілдеріне биылғы 9 айда елдеріміз арасындағы тауар айналымының көлемі 60 пайыздан астамға артып, 441 миллион АҚШ долларын құрағанын айтты.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев екі ел үкіметтері еуразиялық интеграция әлеуетін ескеріп, өзара сауда-саттық жасау барысында пайдаланылмаған резервтерді тартуды жандандыру қажет екенін атап өтті.

– Мен біздің сауда номенклатурамызды кеңейту бағытында жұмыс істеуді ұсындым. Өнеркәсіп кооперациясын нығайтуға және екіжақты сауда-саттық көлемін арттырудың нақты деректеріне айрықша мән берілді, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы комбайн, трактор, сондай-ақ карьерлік, жүкті өзі аударатын, тіркемелі және басқа да техникалар шығару жөніндегі бірлескен кәсіпорындар қызметінің тиімділігін арттыру қажеттігіне ерекше тоқталды.

Нұрсұлтан Назарбаев екі елдің географиялық тұрғыдан ұтымды орналасқанын айтып, көлік-транзиттік өзара іс-қимылдың зор мүмкіндіктері бар екеніне назар аударды, сондай-ақ оның аясын кеңейту орынды екенін атап өтті.

– Соңғы алты жыл ішінде Қазақстан мен Беларусь арқылы тасымалданатын Қытай мен Еуропа арасындағы жүк көлемі 100 есеге жуық артты. 2018 жылы бұл көлем екі есе өседі деп күтілуде. Біз осы саладағы Астана мен Минскінің ынтымақтастығы жөніндегі одан әрі іс-қимылдарын белгіледік, – деді Қазақстан Президенті.

Беларусь Президенті ІТ-технологиялар саласындағы екі ел ынтымақтастығының перспективалы екенін айтты.

– Бұл сапар екіжақты ынтымақтастықтың жаңа кезеңін бастады. Инновациялар мен жоғары технологияларға мән бере отырып, өзара капитал салу оның басты ерекшелігі болып табылады, – деді Александр Лукашенко.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев өткен келіссөздер барлық ауқымды өзара іс-қимыл бойынша Қазақстан мен Беларусь арасындағы ынтымақтастықтың дамуына тың серпін беретініне сенім білдірді.

 

Рекомендовать
Последние новости