Ел Перизат Қайрат деп шулап жатыр, ал технопарктерге бөлінген миллиардтар қайда? — депутат

Қаракөз Амантай 18 нояб. 2024 15:12 174

Депутат Анас Баққожаев IT саласының өзекті мәселелері көтерілген жиында Астана-хаб пен Алматыдағы технопаркке бөлінген қаражаттың тиімділігіне күмән келтірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Баққожаевтың пікірінше, елімізде бұрыннан іске асырылған мемлекеттік бағдарламалардың көпшілігі нәтижеге жете алмай келеді.

“Мұрағатты ақтарып қарасаңыз, бізде қабылданған бағдарламалардың бәрі дерлік жарты жолда қалып қойған. Технопарктердің өз-өзін ақтауы тиіс делінген. Бірақ олардың құрылғанына 10 жыл болса да, уәде орындалмады. Салық жеңілдіктері берілді, қомақты қаржы бөлінді. Бірақ бұл қаржы қайда жұмсалды? Кеше ғана Перизат Қайрат 1,5 миллиард теңгені жымқырды деп бүкіл ел шулап жатты. Ал мұнда миллиардтаған қаражаттың қайда кеткені белгісіз. Біз тағы 10 жыл күтіп, қайтадан осы сұрақты көтермейтінімізге кім кепіл?”, – деді Баққожаев.

Оның бұл сауалына жауап берген цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі Қаныш Төлеушин бюджет қаражатын азайту бағытында жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.

“Біз қазір өңірлік хабтарды қолдау үшін арнайы бағдарламалар ұсынып жатырмыз. Өткен жылдан бері еліміздің 10-нан астам аймағында жаңа хабтар ашылды. Енді қаржыны сол өңірлерге бөлуді жоспарлап отырмыз. Егер қолдау жалғасса, бюджетке жүктемені азайтуға бағытталамыз, – деді вице-министр.

Алайда оның жауабы депутаттың көңілінен шықпағандай болды.

Айта кетейік, бұған дейін депутат жергілікті өзін-өзі басқару мәселесі талқыланған Мәжілістегі қоғамдық палата отырысында ауыл әкімдерінің құзыреті мәселесін көтерген еді.

“Меніңше, ауылдарда ештеңені өзгертудің керегі жоқ. Қазір бәрі жақсы. Неге жұмыс істемей жатыр? Әкімдерден бастайық. Қазір ауыл әкімдерінің беделі жоқ. Ешқандай беделі жоқ. «Сходқа» ешкім келмейді дейді. Әкімдер шақырады, адамдар келмейді. Жиналатыны он-ақ адам. Ал ауылда бір ас берсінші, құдайы тамаққа бәрі жиналады. Неге? Себебі ол жерде қызық. Әңгімелеседі, ой бөліседі. Бір-бірін тыңдайды. Тамағын жейді, себебі пайдасы бар. Әкімдердің жиналысына келмейді, өйткені пайдасы жоқ. Әкімдердің беделі де, құзіреті жоқ. Аудан әкімдері шақырып алады. Күнде жиналыс. Видеоконференция тұрса да, күн де жиын. Кедейдің кеңесі бітпейді дейді. Қашан ол әкім халықпен жұмыс істейді. Халық арызын жазады. Ал әкімнің ақшасы жоқ. Ол не шешеді? Халық сол үшін әкімге келмейді”, – деді ол Ulysmedia.kz-ке.


Рекомендовать
Последние новости