"Ел-жұртты аралаңыздар". Қошанов депутаттарға ескерту жасады

Қаракөз Амантай 03 апр. 2024 11:17 4759

Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов су тасқыны кезінде кейбір депутаттар өңірлерді аралап, халықпен бірге болғанын атап өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мәжіліс отырысында депутат, Amanat партиясы фракциясының мүшесі Ринат Зайытов Ерлан Қошановқа күн тәртібі бойынша қоятын бір сұрағы бар екенін жеткізді.

"Елде болып жатқан үлкен апат бойынша талқылау бола ма?", - деп сұрады ол.

Өз кезегінде Ерлан Қошанов су тасқыны кезінде бірқатар депутат өңірлерді аралап, халықтың жанында болғанын алға тартты. Айтуынша,  бұл жұмыс әлі де жалғасын табады.

"Нақты көмек көрсетіліп жатыр. Менің ойымша, осы жерде отырып әңгіме айту емес, осындай жұмыс керек. Сондықтан жалпы отырыс аяқталған соң тағы бір топ депутат су тасқыны болып жатқан өңірлерге шығады. Халықпен бірге болады", - деді Ерлан Қошанов.

Сонымен қатар ол төтенше жағдайға байланысты көтеретін мәселелері болса, депутаттық сауал арқылы жолдауға болатынын айтты.

Еске салайық, Қазақстанның біршама өңірін еріген қар мен тасыған өзен суы басты. Халық апатты аймақтардан әлі де эвакуацияланып жатыр.

Осы тұста президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлық отандық бизнес өкілдерін су тасқынынан зардап шеккендерге көмектесуге шақырған болатын.

Сондай-ақ мемлекет басшысы үкімет пен әкімдіктердің резервтерін, "Қазақстан халқына" қорының қаражатын да пайдалану керектігін атап өтті.

Бұл жағдайға мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай да пікір білдірген еді. 

Депутаттың сөзінше, әкімдіктерде ешқандай дайындық жоқ. Бұл - Үкімет пен әкімдіктер арасында байланыс жоқ екенінің белгісі. Мақсат Толықбай бұл жағдайға кінәлі ретінде Роман Склярды атады.

"Тамырынан құрттаған ағаш бұтағынан емделмейді. Роман Склярдан бастап Үкіметтің кейбір мүшелерін ауыстыратын кез келді.

Аймақтарды аралап, Ақтөбенің ортасына шеттік. Бірақ, қадірлі ағайын, шынын айту керек, әкімдіктердің дайындығы өте нашар. Тіпті басқасын айтпағанда, кейбір аудан әкімдерінің резервінде не қайық жоқ, су етік табылмай жатыр. Әкімдік пен Үкіметтің арасында байланыс жоқтың қасы десек болады.

Бұған бірінші кезекте кім жауапты? Ашығын айту керек, премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр жауапты. Кеше Ақтөбеге келді. Алға дейтін бір ауданға барды, бірақ судың астында қалған Ойылға неге бармайды?

Мұның алдында алапат өрт болғанын білесіздер. Қаншама адам өртеніп кетті. Бұған да кім жауапты? Роман Скляр жауапты. Сөгіспен құтылды.

Сондықтан бұл өзгелерге сабақ болуы үшін Президент сөгіс жариялап жатыр. Бірақ Роман Склярдан бастап Үкіметтің кейбір мүшелеріне шара қолданып, ауыстыратын кез келді ғой деп ойлаймын", - деді депутат.


Рекомендовать
Последние новости