Алматыда күзетшіні таптап өлтірген күдіктінің әкесі туған ұлынан бас тартты - БАҚ

Сағыныш Сардарова 03 апр. 2024 10:33 6817

Алматыда өлтірілген күзетшінің отбасына күдіктінің жақындары ақша ұсынған, - деп хабарлайды Dalanews.kz "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.

Телеарна мәліметінше, Алматыда асқан қатыгездікпен өлтірілген күзетшінің отбасына күдіктінің жақындары ақша бермек болған. "Болған жайтқа өкінетінін айтып, кешірім сұрап келді", - дейді марқұмның туыстары. Бірақ олар кешірім бермейтінін айтып, кінәлі тараптан бірде-бір тиын алмаймыз деп отыр. 

Нұрбол Қайыпбаевты үш баласы мен туған-туысы ақтық сапарға шығарып салды. Қасіреттен жүрегі қансыраған ана мен жесірі марқұмды жоқтауға шамасы келмей, өзін әрең ұстап отыр. Қапыдағы өлім Нұрболдың аға-бауырларын да біраз есеңгіреткен. Олар жаназа кезінде күдіктінің туыстары ақша ұсынғанын айтты.

"Алдымыздан өтті, "кешіріңіздер" деп, бірақ кешірім болмайды дедік, сот болады. Әділ сот болғанын қалаймыз дедік. Жеңгеме "маған нөмірін бер, ақша салып жіберейін" дейді. Ондай көмек керек емес дедім, ешқандай көмек керек емес. Елдің бәрі, бүкіл Қазақстан болып жинап жатыр. "Кешірім болмайды" дедім, болды", - деді марқұмның інісі Руслан Қайыпбаев.

Телеарна мәліметінше, айыбын жуып-шаймақ болып ақша ұсынғандардың күдіктіге қандай жақындығы бары белгісіз. Өйткені оның әкесі ақша ұсынбақ түгілі, күзетшіні өлтіргенді танымаймын деп басын ала қашқан.

Бұл жайт қапыда отағасынан айырылған әйел мен үш баласына ауыр соққы болған. Үлкені 14 жасқа толса, кенжесің жасы бесте. Барлығы жалдамалы пәтерде тұрады. Жесір қалған жарының шотына қазақстандықтар жаппай ақша аударып жатыр.

"Тергеудің жан-жақты әрі әділ болуы үшін дәлел-дәйектерді жинап жүрміз. Осы тұрғыда жәбірленушілерге барынша көмек көрсетіп жатқан қазақстандықтарға алғыс айтамыз. Қаржылай көмек бергісі келетін жандарға айтарымыз, марқұмның бауыры Руслан мен мен жұбайы Әсемге аударсаңыздар, себебі жәбірленушілердің атын жамылған алаяқтар көбейіп кетті. Абай болыңыздар", - деді қорғаушы Асылбек Әбдірайымов.

Айта кетейік, өткен жұмада "Самал" ықшамауданында жантүршігерлік оқиға болды. Қанды қылмысқа екеуінің арасындағы кикілжің себеп болған. Күдікті көлікті масаң күйде айдап қалаға шығуға тырысқан. Күзетші оған бұл әрекетінің заңғы қайшы екенін түсіндірмек болыпты. Сөйтіп жол талғамайтын көлік мінген күдікті күзетшіні үш рет таптап, шалажансар жатқанда да басынан тепкілеген.

Қазір бұл оқиғаға қатысты аса қатыгездікпен адам өлтіру бабы бойынша іс тергеліп жатыр. Күдікті екі ай мерзімге қамауға алынған.


Рекомендовать
Последние новости