ЭКСПО-2017 көрмесі кезінде Астанаға ОҚО-дан 10 тоннадай балмұздақ жеткізіледі

Dalanews 10 апр. 2017 04:49 784

«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесi қарсаңында Оңтүстік Қазақстан облысындағы екі кәсіпорын 10 тоннаға жуық балмұздақ жеткізеді, деп жазады «Оңтүстік Қазақстан» газеті.

«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесi жақындаған сайын дайындық жұмыстары да күшейтiле түстi. Бұл ауқымды iс-шараға түрлi өңiрлердiң кәсiпкерлерi де әзiрленiп жатыр. Шетелдiк қонақтар мен отандастарымыз Елорда төрiнде тек ғылыми жетiстiктердi көрiп қана қоймай, қазақстандық өндiрушiлердiң азық-түлiк өнiмдерiн де тұтынады. Сол компаниялардың арасында облысымыздағы балмұздақ шығаратын екi кәсiпорын бар», - делінген мақалада. 

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәлiметiне сүйенсек, көрмеге орай Астанаға «Балмұздақ» және «Азия холод» жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктерi мамыр айында 5 тоннадан, жалпы, 10 тоннадай балмұздақ жiбередi. Сұранысқа байланысты жоспар өзгерiп, балмұздақ көлемi артуы да, кемуi де мүмкiн. Таяуда қос компанияға басқармадан ресми хат жолданып, жоспар жасалды. Ең бастысы, отандық тауар өндiрушiлердiң «ЭКСПО-2017» көрмесiне көптеп шақырылуы бiздiң кәсiпкерлер үшiн өте тиiмдi. Көрменi ұйымдастырушылардың таңдауы бұл компанияларға бекер түсiп отырған жоқ.

Төле би ауданында орналасқан «Балмұздақ» ЖШС-ның өнiмдерi сапасы мен тiл үйiрер дәмi арқылы талайларды тамсандырып үлгерген. 1987 жылы ашылған «Балмұздақ» ЖШС тәуелсiздiк алғаннан кейiн қанатын кеңге жайып, өнiм көлемi арта түстi.

Елiмiздiң бiрнеше облысының нарығын жаулаған төлебилiктер көршiлес Қырғызстанға да балмұздақ жiберген. «Азия холод» ЖШС де бүгiнде өз өнiмдерiмен жұртшылыққа ұнап жүр. Шымкенттiң балмұздағына сұраныс жоғары. Үш айда Астанадағы көрмеге 5 миллиондай адам келедi деген болжам бар. Демек, алдағы уақытта «Балмұздақ» пен «Азия холод» өндiрiс көлемiн ұлғайтуға күш салуы мүмкiн. 

 

Рекомендовать
Последние новости