Экономикалық өсім: ХВҚ АҚШ-тың болжамды көрсеткішін өсірді, ал Қытайға қатыстысын кемітті

Кәмшат Тілеухан 23 окт. 2024 11:04 1818

Халықаралық валюта қоры сейсенбіде АҚШ, Бразилия және Ұлыбританияның 2024 жылға арналған экономикалық өсімі бойынша болжамды цифрды көтерді, бірақ Қытай, Жапония және еуроаймақ үшін оны төмендетті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл ретте қарулы қақтығыстарға, туындауы ықтимал сауда шиеленістеріне, қатаң ақша-несие саясатының салдарына байланысты көптеген тәуекел бар екені айтылады.  

ХВҚ-ның әлемдік экономиканың даму перспективалары туралы кезекті баяндамасында 2024 жылы әлемдік ЖІӨ-нің өсімі шілдеде күтілген болжам - 3,2% күйінде өзгеріссіз қалдырылған.

Сондай-ақ, жаһандық экономикалық өсім 2025 жылы 3,2% құрайды деп болжанады, бұл шілде айындағы болжамнан аздап төмен, ал орта мерзімді өсім алдағы бес жылда 3,1% - ға дейін төмендейді деп күтіледі, бұл оның пандемияға дейінгі деңгейінен айтарлықтай төмен. Дегенмен, ХВҚ-ның бас экономисі Пьер-Оливье Гуринша АҚШ, Үндістан және Бразилия тұрақтылықты көрсетіп, бұл елдерде инфляция баяулап,  жұмыс орындары көбірек сақталғанын айтады. 

ХВҚ 2024 жылға арналған АҚШ экономикасының өсімін 2,8% тармаққа көтеріп, мұның, негізінен жалақы мен активтер бағасының өсуіне байланысты тұтыныс деңгейінің жоғарылауымен байланыстырады. Сондай-ақ, аталған қор АҚШ экономикасының 2025 жылғы өсімін 0,1 пайыздық тармаққа көтеріп, керісінше Қытай экономикасының 2024 жылғы өсу қарқынын 0,4 пайыздық тармаққа кемітті. Дегенмен ХВҚ Қытай экономикасының 2025 жылға арналған өсімі туралы болжамын 4,5% деңгейінде өзгеріссіз қалдырды.

Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) ағымдағы жылы Қазақстан экономикасының өсімін (3,5%) және 2025 жылғы болжамды 4,6% деңгейін өзгеріссіз қалдырды.


Рекомендовать
Последние новости