Екібастұздың бас көшесіне әйгілі батырдың есімі берілді

Dalanews 24 мая 2019 08:55 804

Тақырыпты бұлайша қоюымыз тегін емес. Соңғы жылдары Павлодар өңірін қазақтандыру қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл ең алдымен, рухани-мәдени мұраларымызды қайта жаңғырту есебінен жүзеге асуда.

Сөзімізге дәлел, күні кеше Павлодар өңірінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында әйгілі «Қорлан» әнінің авторы Естай Беркімбайұлының ескерткіші тұрғызылатыны белгілі болды.
Ескерткіш қаланың қақ ортасында Естайдың атымен  аталатын мәдениет сарайының алдында бой көтермек.

Осы мəселе облыс əкімінің орынбасары Асхат Ораловтың қатысуымен өткен «Рухани жаңғыру»  бағдарламасы жөніндегі сараптау кеңесінің кезекті отырысында сөз болды.  

Жиын барысында облыстағы қала мен аудан өкілдері өз жобаларымен таныстырды. Облыс əкімінің орынбасары бұл мəселеде санның емес, сапаның маңызды екендігін ескертіп өтті.

  - Соңғы жылдары көптеген игі жобалар іске асырылды, – деді Асхат Оралов. – Алайда біздерге жобалардың саны емес, сапасы қажет. Облыс, республика халқы үлгі ететін ерекше жобалар күтеміз. Павлодардың өзге облыстарға үлгі боларлықтай әлеуеті бар.

Өз кезегінде Павлодар əкімінің орынбасары Саян Мұқанов «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде биылғы жылы Павлодар қаласында жүзеге асырылатын жобаларды тізбелеп өтті. Мәселен, биылғы жылы әйгілі әнші, сазгер Естай Беркімбаев ескерткіші мен музейі ашылмақ. Ілгеріде айтып кеткеніміздей, еңселі ескерткіш Естай атындағы мəдениет сарайының маңында бой көтерсе, музей болса, сарай ішінде ашылады.

Жоба құны 35 миллион теңге. Оны жүзеге асыру демеушілер тарапынан қаржыландырылмақ.
Қазақ рухани-мәдени өмірінде өшпес іс қалдырған қайраткерлерді ұлықтау жұмыстары мұнымен шектелмек емес.

Биылғы жылы Екібастұз қаласында қазақтың тағы бір тарланбозы, аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлының монументі бой көтереді. Монумент биылғы жылдың аяғына дейін қаладағы орталық көшелердің бірінде мен мұндалап тұратын болады.

Қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Зинаида Мұхаметжанованың айтуынша, бұл үшін Строительная көшесі əскербасының атына ауыстырылды. Кеншілер қаласында жүзеге асырылатын тағы бір тың жоба – Сəбилер аллеясы.

Оған сəйкес, Екібастұзда туған əрбір нəрестенің құрметіне ата-анасы белгіленген жерге бір түп ағаш отырғызады.  

Май ауданы болса, «Рухани жаңғыру» аясында «Алма бағы» жобасын ұсынды. Ол бойынша аудан орталығында тамшылап суару тəсілімен алма ағашын егіп, өнім алып, жастарды еңбекке баулу көзделіп отыр.

Рекомендовать
Последние новости