Екі ай өтті: ЭКСПО-дан нәтиже болды ма?

Dalanews 16 авг. 2017 09:23 1110

ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі дағдарысқа қарсы шара ретінде елімізге үлкен мультипликативтік пайда әкеліп жатыр. Бұл туралы «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов айтты.


«Әкімдіктен сандарды сұраттым, статистика органдарынан да ақпарат алдық. Мысалы, Астана бойынша біз экономиканың барлық саласында экономикалық қызметтің едәуір жанданғанын көріп отырмыз. Тұрғын үйлерді пайдалануға беру 33%-ға, тауар айналымы 20%-ға, сауда ойын-сауық орталықтарына келген адамдар 2 есе ұлғайған.


Туризм саласында да айтарлықтай өзгеріс бар, туроператорларға жүгінгендер саны 78%-ға өскен. Біз «ашық аспан» жүйесін енгіздік, рейстер 1,3 есе артты. Хельсинки, Будапешт, Варшава сияқты қалаларда жаңа рейстер ашылды. Күн сайын Астанаға жеті мың адам әуе рейісімен, 16 мың адам жолаушылар көлігімен келеді, бұл өте жақсы көрсеткіш», - деді Ахметжан Есімов.




Оның айтуынша, маусымның өзінде елорда бюджетіне қызметтер саласынан түскен салық 2,5 есе ұлғайған. Астанада сондай-ақ шағын және орта бизнес субъектілері көбейіпті.



«Біз жолдың үштен екі бөлігін жүріп өттік. Қазірдің өзінде Президенттің көрмені өткізу туралы шешімі қаншалықты көрегенді болғанын көріп отырмыз. Бұл дағдарысқа қарсы шара болып шықты және елімізге үлкен мультипликативтік пайда әкеліп жатыр. Көрме арқылы жеткен жетістіктерімізді барлық қазақстандық мақтан тұтуы тиіс деген ойдамын», - деп атап өтті Ахметжан Есімов.


Оның сөзіне қарағанда, көрме кезінде ЭКСПО павильондары мен нысандарында болғандар саны 15 млн адамнан асты.


«Көрме тақырыбы өте үлкен қызығушылық тудырды, күн сайын бізде ұлттық күндер өтіп жатқанын көріп жүрсіздер. 115 ел мен 22 халықаралық ұйым осы саладағы өз технологияларын көрсетуге тырысуда, ол келушілердің үлкен қызығушылығын тудыруда, сондықтан көрменің аяқталуына 37 күн қалғанда жоспардағы көрсеткіштерге жетіп үлгердік. Ал халықаралық павильондар мен ЭКСПО нысандарында болғандар саны 15 млн-нан асып кетті», – деп түйіндеді «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы.


Дереккөзbaq.kz


Рекомендовать
Последние новости