EdGiving Alumni NIS: жасанды интеллект және білім берудің болашағы

Dalanews 25 дек. 2023 04:34 1103

Назарбаев Зияткерлік мектептерінде дәстүрге айналған «Samgau» түлектер форумы жылды қорытындады. Алматы қаласындағы химия-биология бағытындағы NIS-те тәжірибе мен біліммен бөлісу, кәсіби бағдар беру алаңында 300-ден астам түлектер мен оқушылар бас қосты. Форумды құттықтау сөзбен NIS директоры Гүлмира Мүнкеева ашып, түлектерге жылы лебізін білдірді және NIS-тің соңғы жылдары қол жеткізген жетістіктерін айта кетті.  Оның ішінде PISA халықаралық емтиханы бойынша НЗМ суырылып алға шығып рейтингтің жоғары сатысына көтерілгенін мақтанышмен жеткізді.



Жыл соңында өтіп жатқан айтулы шара «Жасанды интеллект және білім берудің болашағы» тақырыбы аясында өтуде. Панельдік сессиясында жасанды интеллект маңайында спикерлер мен залда жиналған түлектер мен оқушылар арасында дискуссия туындап, өзекті тақырыпты қызу талқылады. Сессияның қонағы, жасанды интеллектті қолдану бойынша эксперт маман Айдын Маутхан, тарих пәнінің мұғалімі Алтынгүл Кауменова, түлектер Бейбарс Жаксиманов, Абылай Султанбеков, 12-сынып оқушылары Аманғали Аружан, Қасен Жания жасанды интеллекттің академиялық адалдыққа тигізетін әсері,   пайдасы мен зияны туралы пікірлерін ортаға салды.



Форумның арнайы сессияларында түлектер өз тәжірибелеріне сүйене отырып Зияткерлік мектеп оқушыларының мамандықты таңдау, білімді жалғастыру бағытында туындайтын көптеген сауалдарына жауап берді. Еліміздің, әлемнің үздік жоғары оқу орындарында білім алып жатқан студенттермен қатар дипломға ие болып түрлі салада қызмет атқарып жүрген кешегі зияткерлер жылы тартымды атмосферада құнды ақпараттарымен бөлісті.



Форум зияткерлердің  түрлі ұрпақтары арасында  көпірді нығайтып басты міндетін орындады, болашақта ақпарат алмасу, студенттермен онлайн-кездесулер өткізуге бағытталған қауымдастыққа жаңа серпін берді.



«Оқуыңызды бітіргеннен кейін елге ораласыз ба?» деп залдан  қойылған сұраққа:  

- Мен өз Отанымның патриотымын. Егер менің дипломым Қазақстанда құнды болмаса да, мен қайтып оралып елді өркендетуге өз үлесімді қосамын. Бұл NIS Alumni-дің басты қағидасы, - деп мызғымастан жауап берді   Германияның Technical University-дің студенті Мәди Болат.



– Форумнан алған әсерлерім керемет! Бұл жоба ұрпақтар сабақтастығын нығайтумен қатар, болашақ оқушыларымызға бағдар бола алады. Мен жас буын өкілдеріне кеңес беріп, жоғарғы оқу орнына тапсыруда міндетті түрде ескеретін қажетті ақпараттарды айтуға қашанда дайынмын. Зияткерлік мектебіме ризашылығым шексіз. Осы қабырғада алған білімім университетке  түсуге және оқуға көп жеңілдігін берді, – деп ағынан жарылды Гонконг университетінің 4-ші курс студенті Кристина Хлопунова.

Рекомендовать
Последние новости