Дикий Арманға қатысты ащы шындық белгілі болды

Қаракөз Амантай 24 дек. 2024 17:30 445

Әлеуметтік желіде “Дикий Арман” лақап атымен танымал қылмыс әлемінің серкесі — Арман Жұмагелдиевті ақтау науқаны басталды. Біреулер оны халық қорғаушысы ретінде көрсетсе, енді бірі тағдырдың құрбаны деп сипаттайды. Алайда тергеу мен сот материалдары бұл тұжырымдарды жоққа шығаратын мүлдем басқа деректерді алға тартады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Арман Жұмагелдиевке ауыр қылмыстар бойынша айып тағылды. Бұл — адамдарды ұрлау, ұрып-соғу, жаппай тәртіпсіздіктерге қатысу және қылмыстық топ құру. ФБРК мәліметінше, онымен бірге тағы 43 адам қамауда отыр. Олардың арасында Алматы мәслихатының бұрынғы депутаты Қайрат Құдайберген де бар.

“Қазақстан” қонақүйінің бейнебақылау камералары Қаңтар оқиғасы кезінде Жұмагелдиевтің шынайы бет-бейнесін ашық көрсетті. Бас прокуратураның мәліметінше, ол Ұлттық қауіпсіздік комитетінің кураторының басшылығымен әрекет еткен. Тергеу деректері бойынша, 2022 жылдың 6 қаңтарында оның тобы Алматыда 24 бейбіт тұрғынды ұрлап әкеткен. Жәбірленушілерді қонақүйлердің автотұрақтарында ұрып-соғып, азаптап ұстаған. Тіпті бір адам азаптаудан кейін көз жұмған”, — дейді дереккөз.

Айта кетейік, Арман Жұмагелдиевке қатысты сот процесі 2023 жылдың қыркүйегінде басталған еді. Осыдан кейін оның адвокаттары сот отырыстарын ушықтырып, ахуалды қиындатқаны байқалды. Жәбірленушілер мен куәгерлер өздеріне төнген қауіпке байланысты соттың жабық режимде өтуін талап етті. Сот үкімі 2024 жылдың қаңтар айының басында жариялануы мүмкін.

“Ақпарат кеңістігінде Дикий Арманның сот отырыстарындағы эмоциялық кадрлар арқылы беделін ақтап алуға тырысатын әрекеттер жиілеп кетті. Алайда оның қылмыстық өткені керісінше жайттарды растайды: 2010 жылы оның басшылығымен ЕЦ 166/25 колониясында болған қатыгез бүлікте екі адам қайтыс болып, 80-нен астамы жарақат алған”, — деп қосты дереккөз.

Сонымен қатар олар Арман Жұмагелдиев сынды қылмыс әлемінің серкелерін ақтауға тырысу қоғам үшін қауіпті екенін атап өтті.

“Қоғам түрлі эмоциялық манипуляциялардың құрьаны болмай, тек фактілер мен ресми деректерге сүйенуі керек. Әділ сот төрелігі ғана азаматтардың тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ете алатыны сөзсіз”, — деді олар.

Еске салайық, бұған дейін танымал блогер Жанна Ильичева Жұмагелдиев туралы күтпеген жазба жариялаған еді.

Facebook-та Арман Жұмагелдиевтің хаты жарияланған қызықты мақала шыққан екен.

"Жалпы, мен ол туралы алғаш рет пандемия кезінде білдім, ол сол кезде Қазақстан тұрғындарына қажетті дәрі-дәрмектерді тегін беруге дайын екенін мәлімдеген еді. Кейін ол өзінің сәлемдемелерін алған тұрғындардың, соның ішінде дәрігерлердің алғыс айтқан видеоларын жариялады. Өздеріңіз білесіздер, сол кезде бетперде, дәрі-дәрмек, антисептик пен өкпені жасанды тыныс алдыру аппараттары жетіспеді.

Дегенмен, мен оны алғаш рет ол «Ирбис пен Қасқыр» Instagram-челленджін бастаған кезде білдім. Оны көптеген әншілер, спортшылар, КВН ойыншылары, қазақ әзілкештері және тіпті дағыстандық жауынгер Хабиб Нурмагомедов қолдады. Сол кезде бұл челлендж де біраз пікірталас тудырған еді. Арман оның мәнін былай түсіндірді: «Барыс сияқты батыл әрі сұр қасқырлардай ұйымшыл болайық дегім келеді. Біз бірге болайық, бір-бірімізді қолдайық». Әрине, кейіннен Қаңтар оқиғалары болды. Сол кезде Арман Алматыдағы митингіде жанып жатқан әкімшілік ғимараттың фонында сөйлеп, наразылық білдірушілерді тоқтауға шақырған болатын. Алматы тұрғындары бұл сұмдықты ешқашан ұмытпайды. Қала тағдыр тәлкегіне тасталғандай болды. Күштік құрылымдарды күтіп шаршаған халық өздері еріктілер жасақтарын құрып, мародерлерден бизнесін, үйлерін қорғауға мәжбүр болды. Мародерлер бұл жағдайды пайдаланып, арсыздықпен қаланы тонады, осылайша наразылық білдірушілердің беделін түсірді", деп жазды блогер.

Ильичева алғашында бейбіт басталған митинг мародерлердің кесірінен хаосқа айналғанын айтады.

"Новая газета" Арман Жұмагелдиевтің хатын жариялады, онда ол Қаңтар оқиғаларының куәгері және қатысушысы ретінде өз көзқарасын білдірген. Посттың бірінші пікірінде мақаланың сілтемесі бар, өздеріңіз оқып көріңіздер. Оның айтуынша, Қазақстанға келуіне сол күштік құрылымдар кепілдік беріп, «жасыл дәліз» ұйымдастырған. Олардың көмегінсіз оның елге келуі мүмкін болмас еді.

Арман хатында елге өз шаруаларымен келгенін айтады. Алайда, қаңтардағы оқиғалар орын алғанда, сол күштік құрылымдар одан нысандарды қорғауға және тәртіп орнатуға көмектесуін сұраған, себебі өздері бұл міндетті атқара алмады. Мұны бәріміз көрдік. Сондықтан «Ритц Карлтон», «Esentai Mall», «Esentai Towers» басшылығы күзетшілері орындарын тастап кеткендіктен, ал полиция мен әкімдік өкілдері із-түссіз жоғалып кеткендіктен, Арманға көмекке жүгінгені таңғаларлық жағдай емес. Арманның айтуынша, оның жігіттері Алматы әкімдігінің өтініші бойынша алты аурухананы қорғаған. Ол кезде барлық фото және видеоматериалдар мен дәрігерлердің айғақтары бар сияқты. Айтпақшы, №12 аурухана дәрігерлері сотта оның сөзін растады. Сол кезде барлық алматылықтар интернетсіз қалды, мобильді байланыс та тұрақсыз болды. Кейде бір-бірімізбен сөйлесуге мүмкіндік болғанда, көпшілігі №12 ауруханадағы жағдай туралы айтқан еді" дейді блогер.

Кейін Арман Жұмагелдиевті жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырды деген айыппен қамауға алды.

"Әрине, Арманды періште деп айту қиын, бірақ бұл айыптау өте оғаш көрінеді. Қазір кінәні Алматыдағы жағдайды жіберіп алғандарға емес, барлығын Арманға артып жатқандай әсер қалдырады. Сотты ашық түрде өткізу немесе Бишімбаевтың ісі секілді онлайн трансляция ұйымдастырса, жақсы болар еді. Сол бұлдыр да қорқынышты қаңтар жайлы шындықты білгіміз келеді", деп қорытындылады Жанна Ильичева. 

Айта кетейік, бұған дейін Дикий Арманның ұйымдасқан қылмыстық тобынан қорлық көрген қазақстандық азаматтың оқиғасын жазған едік

Бұл туралы ол "Жүйе" YouTube-арнасынаберген сұхбатында айтты. Жеке қауіпсіздігін сақтау мақсатында құпия әңгімелескен жігіт оқиға 2 жыл бұрын басталғанын айтады.

"Досым екеуіміз көлік сатып, тірлік істеп жүрдік. Бір күні қылмыстық топтың бір мүшесі келіп, сатылмай тұрған  үйін бізге сатқысы келді. Бірақ ол кезде бізде ақша болмады. Бізде 2-3 көлік болды, алайда ол көлік ретінде алмайтынын, тек қолма-қол ақша беруімізді талап етті", - дейді құпия азамат. 

Ол қоқан-лоқы көрсеткен жігіттің атын да айтты. Осылайша "Дикий Арманның" адамы - Арман Сартаев үйін 42 миллион теңгеге сатып алуды талап еткен. Алайда олар мұндай ақша жоқ екенін айтқанда "көліктеріңді сатып, үйдің ақшасын кейін бересіңдер" деген. 

"Біз "жоқ" деп те үлгермей қалдық. Ақшаны дайындауға бізге бес ай уақыт беріп, үйді біздің атымызға аударып тастады. Ол ай сайын 1-2 миллионнан алып жүрді. Осылайша 7 миллионға дейін алып жүріп, қалған 35 миллионды кейін бересіңдер деді. Бірақ 2,5 айдан кейін келіп, "ақша керек болып жатыр, қалған ақшаны тауып беріңдер" деп талап қойды. Досымның анасына барып, жағдайды түсіндірдік, ол бізді түсініп, 35 миллион теңгені берді. Арман Сартаевты шақырып, ақшасын беріп, қолхат алдырып алдық. Ол Дикий Арманның адамы болғандықтан қорықтық. 

Арада бір апта өтіп, Дикий Арманның адамы қайтадан хабарласты. Мен ол кезде Алматыға көлік сатуға келгенмін. Қалада тамақтанып, үй жаққа келе жатсам, мені үйдің алдында күтіп тұр екен. Үйге кіргенде маған 7 миллион теңге бересің деді. Себебі әйелі екеуі жанжалдасып қалған екен, ал ол әйелінің үйі болған. Ол "бұл менің үйім" деп 7 миллион теңгені тауып кел деген екен. Мен ондай ақша жоғын, бастапқыда алып жүрген 7 миллионын үйдің бағасынан алып тастауға келіскенімізді айттым. Ол мені мүгедек қылып қоятынын, аяғымды сындыратынын айтты. Қоқан-лоқы басталды. Ол менен ақшаны алмай кетпейтінін түсіндім, кейін көлігімді алуын ұсындым, бірақ ол көнбей, бірге Шымкентке барып, көлікті сатып, ақша беруімді талап етті. Мен ол көлікті танысымнан 13 миллионға сатып алғанмын. Қайтадан сол танысыма барып, қайтып алшы көлікті дедім. Ол 6,8 миллион ғана барын айтты. Мен ол ақшаны алып, Арман Сартаевқа бердім. Яғни 7 миллионнан екі рет бергенмін", - дейді қорлық көрген азамат.

Ол осымен шаруа бітті деп ойлаған. Алайда бір күні кафеде тамақ ішіп отырған жерінен досы екеуінің әлдекімдер жағасынан ұстап, алып шығып кеткен.  

"Мені қонақүйге апарып, мойныма пышақ тақап, көлік сататын сайттан маған құны 6,2 миллион деп тұрған Toyota Camry-ды көрсетіп,"екі күннің ішінде көлік менің астымда болсын" деді. Мен не істерімді білмей Алматыға қашып кеттім. Үйде жатқан жерімде екі жігіт келіп, мені оятып, Отарға алып кетті. Арман Сартаев менің нөмірімді аңду үшін құзырлы органдарға 500 мың теңге берген", - дейді қорлық көрген азамат.

Осылайша о баста талап еткен ақшасын 20 миллион етіп қайтару керегін айтқан. Құпия азаматтың сөзінше, Дикий Арманның онға жуық адамы ақша талап етіп жүрген. 

"Мен саған ана адам тиіспейтіндей етіп беремін" деп 3 миллион сұрайды. Ол сөздерді елемесем мені ұрып кететін", - дейді құпия азамат.  


Рекомендовать
Последние новости