Дос Көшім: «Түркістан облысына ірі өндіріс орындары қажет»

Dalanews 25 авг. 2018 04:49 891

Өмірдің күллі құрылымы осындай болса керек. Шырылдап өмірге сәби келсе, ол сол шаңырақтың ең тәтті қызығына айналады. Оның былдыры, алғашқы қадама, алғашқы сөзі... Бәрі бәрі қызу талқыда болады. Бұл жаратылыстың барлық аспектілерінде байқалады. Жаңа үй, жаңа көлік... Барлығы дәл осындай назарда болады емес пе?

Кейінгі екі айда қазақстандық көзі қарақты азаматтардың назары Түркістан облысында деуге толық негіз бар демек. Киелі шаһардың тұтас аймаққа орталық болуы, оның жаңа құрылымы, жаңа кадры тілмен жағы бардың талқысында қазір. Елімізге белгілі азаматтар бұл туралы ойларын айтып, болашағы туралы болжамдарымен бөлісіп отыр.

Осы орайда өз пікірімен белгілі саясаткер, сарапшы Дос Көшім де бөліскен болатын. Назарыңызға осы бір әңгімен барысын ұсынсақ:

«Бұл әлбетте сүйіншілеуге тұратын жаңалық. Шымкенттің республикалық маызы бар қала болуы – үлкен қадам. Алдағы уақытта шырайлы қала оңтүстік өңірдің мәдени, рухани әрі спорт бағытындағы ірі орталығына айналуы тиіс. Оған оның ресурсы да, мүмкіндігі де жетеді.

Түркістан облысына оралатын болсақ. Жаңа облыстың отау көтеруі оң бастама. Бұл өңірде халық өте тығыз орналасқан. Адам саны көп. Басым бөлігі жастар. Демек еңбек ресурсы жеткілікті. Алдағы уақытта Түркістанға ең керекті дүние – ірі өндіріс орындарын ашу. Бұл аймақтағы жұмыссыздықты жояды. Ең қызығы еліміздегі ірі кәсіп орындар Солтүстік өңірлерде орналасқан. Ал еңбек ресурсы, демек адамдар оңтүстікте. Осы парадокс туралы үкімет ойланса деймін.

Жаңа өнеркәсіптер Түркістан қаласының маңында бой көтерсе. Халық тығыздығына байланысты бұл жердегі ауылдық елді мекендер бір біріне өте жақын орналасқан. Онда қаншама азаматтар күн көріп жатыр. Оларды жұмыспен қамту керек.

Ендігі кезек Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының «5 әлеуметтік бастама» деп аталатын үндеуіне қарай ойыссақ. Бұл бастама Түркістан өңірінде жүзеге асу үшін үлкен-үлкен реформалар қажет. Мұндағы факторлердің бірі – білім. Бұл өңірде білім ордалары көп болғанымен оның сапасы барлығымызды ойландырады. Ал соншалықты көп пайдаға келмейтін мамандар елімізге не бере алады? Әлбетте ештеңе. Сондықтан Елбасы үндеуіндегі  «жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» деген тапсырмасы осы орайда ерекше назарда болу керек деп ойлаймын. Сапалы білім – жарқын болашақтың кепілі.

Осы екі мәселе жүзеге асуын жедел бастаса үндеудегі тұрғын үй, шағын және орта бизнеске берілетін несие, салық салмағының азайуы халық жағдайының жақсарып, өңірдегі экономиканың тұрақты өсуіне әсер етеді деп ойлаймын».

Рекомендовать
Последние новости