Долларға шаққанда теңге бағамы кәдімгідей нығая бастады. Сарапшылар не дейді?

Кәмшат Тілеухан 22 янв. 2025 13:33 6319

Ұлттық банктің таңертең ғана бекіткен ресми бағамы 527,58 теңге болған 1 АҚШ доллары бүгінгі KASE биржасында сауда-саттықта, яғни дәл қазір 519 теңгеге дейін әлсіреді әрі бұл төмендеу әлі де жалғасын табатын секілді, деп жазады Dalanews.kz.

Соңғы кездері әлсіреумен болған ұлттық валютаға күш берген не нәрсе? Мұның мәнісін Tengenomika Telegram арнасының авторы Ғалымжан Айтқазин былай түсіндіреді

"АҚШ долларының айырбас бағамында кеше нығайған рубльдің ізін теңге де басып, уақыт санап күш ала бастады. Ресей рублінің кешегі нығаюы, ең алдымен, мынандай факторлармен байланысты:

  • Трамптың қызметіне кірісуі (алғашқы жарлықтарда Ресей Федерациясы қамтылмады);
  • Украина бойынша алдағы келіссөздер аясында геосаяси сыни қауіп-қатерлердің төмендеуі;
  • Ресей Федерациясы орталық банкінің бюджеттік ереже бойынша 15 қаңтардан 6 ақпанға дейін нарықтағы валюта ұсынысын ұлғайту туралы шешімі;
  • салық кезеңі: экспорттаушылар салықты рубльмен төлеу үшін валюталар сата бастайды;
  • маусымдық сипат, яғни жыл басында импорттаушылар тарапынан шетел валютасына деген сұраныс дәстүрлі түрде төмен болады;
  • санкцияларға қарамастан желтоқсандағы Ресей бюджетінің рекордтық кірістері, әсіресе мұнай-газ секторынан бөлек кірістер".

"Осылайша, теңгенің рубльмен қатар синхронды түрдегі құбылысы KASE биржасындағы нарық қатысушыларының бағдарын кезекті рет растайды. Бұл әсер, біз бірнеше рет байқағанымыздай, бір сауда күнінде болады. Бір қызығы, соңғы күндері мұнай бағамы біршама төмендеді, ал оның теңге бағамына әсерін байқап отырған жоқпыз. Демек, теңгедегі өзгеріс ресейлік рубльге жалтақтаған күйде болып жатқаны айқыны, ал бұл жақсы ма, жоқ па, ол жағын білмедік" деп жазады сарапшы.

Айта кетсек, 2025 жылы 6 қаңтарда Ұлттық банк теңгенің әлсіреуіне не түрткі екенін айтқан болатын. Өз сөзінде ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова: "...Қазіргі жағдайдағы Ресей рублінің динамикасы бағдар болмауға тиіс және ол нарықтың шамадан тыс реакциясына ықпал етуі мүмкін. Ал бұл жергілікті нарықта бағамның қалыптасуын бұрмалап, артық құбылмалылыққа әкеледі. Қазіргі уақытта біздің елдеріміздің нарықтары әртүрлі жағдайда жұмыс істейтіні анық. Сондықтан осы жағдайларда Ресей рублінің АҚШ долларына қатысты күрт ауытқуы теңге/доллар айырбастау бағамында көрінбеуі керек, өйткені ол іргелі экономикалық шындыққа сәйкес келмейді", деген еді.


Рекомендовать
Последние новости