Дженнифер Лопестің Алматыдағы концертінен Қазақстанға қанша пайда түспек?

Көркем Алдабергенова 13 июн. 2025 15:00

10 тамыз күні Алматыда өтетін Дженнифер Лопестің концерті Қазақстан экономикасына 5 миллиард теңге табыс әкеледі. Бұл туралы Astana Concert продюсері Малик Хасенов мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, шоуға 29 елден көрермендер билет сатып алған: концертке ТМД елдерінен бөлек, АҚШ, Ұлыбритания, Германия, БАӘ, Сауд Арабиясы, Швейцария, Қытай, Түркия және Мексикадан да қонақтар келеді.

«Мұндай деңгейдегі шаралар – Қазақстанда, соның ішінде Алматыда, оқиғалық туризмнің қозғаушы күші. Қала әкімдігінің туризм басқармасының мәліметі бойынша, әрбір турист кемінде 3–5 күнге келіп, орта есеппен 1500 доллар жұмсайды. Егер 8000 турист бір мезгілде келіп, осындай көлемде шығынданса, онда HoReCa саласына – яғни қонақүйлер, мейрамханалар, кафе, экскурсиялар және концерт билеттері есебінен шамамен 5 млрд теңге түседі. Бұл – тек 10 тамыздағы концерттің үлесі», – деді Хасенов.

Ол сондай-ақ шетелдік көрермендердің осындай шоуларға деген қызығушылығы туристерді тартуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

«Дженнифер Лопес – бұл болашақтағы іс-шараларға жол ашатын концерт. Біз, мүмкін, шілденің басында, 1 шілде күні, сіздерді тағы бір үлкен жаңалықпен қуантатын боламыз», – деп уәде берді Хасенов.

Бұған дейін Малик Хасенов әншінің Астанадағы концерті ел экономикасына 6,5 млрд теңге әкелетінін айтқан еді.

Жұлдыздың концерті 10 тамыз күні Алматыдағы Орталық стадионда өтеді. Бұған дейін, 1 тамызда Дженнифер Лопес Астанадағы «Астана Арена» стадионында өнер көрсетеді.


Рекомендовать
Последние новости