Депутаттар баспанасы өртеніп кеткен ананың үйін жөндеп берді

Dalanews 21 апр. 2021 07:37 899

Түркістан облысында «Nur Otan» фракциясының депутаттары тұрақты түрде қоғамдық қабылдау өткізуді жалғастырып келеді. Жуырда кезекті қабылдаудың бірі «Nur Otan» партиясы Қазығұрт аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде өтті, – деп хабарлайды Dalanews.kz «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қабылдауға келген жалғыз басты ана П.Келесбаева басына түскен қиын жағдайды жеткізді. Қазығұрт ауылының тұрғынының үйін өрт шалып, тұруға жарамсыз болып қалған. Біраз жиһазы жарамсыз күйге түскен.

«Nur Otan» партиясы Қазығұрт аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, аудандық мәслихат депутаты Е.Исақұлов аталған жағдай бойынша жедел әрекет етіп, өтініш айта келген анаға көмек көрсетуге депутаттарды жұмылдырды.

Нәтижесінде облыстық, аудандық мәслихаттардың бір топ депутаты қаржылай көмек көрсетіп, үй толық жөндеуден өткізіп берді. Сонымен бірге жергілікті депутат Марат Нұранұлының көмегімен аталған тұрғынның үйінің құжаттары реттеліп берілді.

Нұротандықтарға, халық қалаулыларына алғысын білдірген  П.Келесбаева филиалға арнайы келіп, «Nur Otan» партиясына өтуге өтініш білдірді.

Қазығұрт ауданындағы депутаттардың сауапты ісі бір бұл емес. «Nur Otan» фракциясының өкілі, аудандық мәслихат депутаты Айкүл Ақынғазиева қоғамдық қабылдауда Қарабау ауылының тұрғыны Қ.Жұматаевтың өтінішін тыңдады. Тұрғын 2 жылдан бері денсаулығына байланысты мүгедектікке шыға алмай жүргенін, дәрі-дәрмекке қаражаты жетпей қалатындығын айтып шағымданды.

Депутат Айкүл Күзенбайқызы Қ.Жұматаевты толық тегін медициналық тексеруден өткізуге көмек көрсетіп қана қоймай, мүгедектік жәрдемақы алуына да ықпал етті. Екі жылдан бері шешімін таппаған мәселесі шешілген тұрғын партия филиалына арнайы келіп, депутатқа және жетекші партияға алғысын айтты.

Түркістан облысында «Nur Otan» фракциясының 263 депутаты бар. Олар бекітілген кестеге сәйкес, қоғамдық қабылдаулар өткізіп жатыр.

Рекомендовать
Последние новости