Депутат: «Үтікпен киім ғана емес, тергеу амалдарын да жүргізуге болатынын көрдік»

Dalanews 14 мар. 2022 09:22 748

Мәжіліс депутаты Берік Дүйсенбинов «Қаңтар оқиғасында» ауыр емес заңбұзушылық жасаған азаматтарға тек Қылмыстық кодекстің көзімен ғана емес, адами гуманистік көзқараспен қарауға шақырды.

– Осы жылдың ақпанында Мәжіліс депутаттары Алматы, Алматы облысы, Қызылорда, Семей қалаларында қаңтар оқиғасы кезінде ұсталып, тергеу изоляторына қамалған азаматтар және олардың туыстарымен, адвокаттарымен жүздескен болатын. Өсіріп жеткізіп, енді қызығын көреміз деп отырған балаларынан айырылған, оқиғаның алғашқы күндерінде қамауға алынған ұлдарынан хабар ала алмаған аналармен кездесу оңай болған жоқ. Олардың жанайқайын, тіпті қарғысын да тыңдап, сабырға шақырып, басу айтуға тырыстық жеке телефонымды әлеуметтік желіге жарияладым.

Балаларының тағдырына алаңдаған аналар әлі күнге дейін хабарлама жіберіп, әділдік іздеп, бізден үміт күтуде. Азаматтарды қабылдау кезінде құқық қорғау органдары тарапынан күш қолдану, әсіресе, ұстаған сәтте ұрып-соғу сияқты келеңсіздіктер белгілі болды. Үтікпен тек киім ғана емес, тергеу амалдарын да жүргізуге болатынын көрдік. Сондай-ақ, камераға түскенін сылтауратып айыпталу жазасын ауыстыру немесе босату үшін оның туыстарынан пара бопсалау фактілерінің болып жатқаны да сөз болды, – деді депутат Мәжілістің жалпы отырысында.


Оның атап өтуінше, бүгінгі өкілетті органдардың Мәжілістегі есебімен қаңтардың бүкіл мәселесі шешілмейді. Ал депутаттар көтерілген сұрақтар әділ шешімін тапқанша қадағалауда ұстайды.

– Шынын айтсақ, осы қанды оқиғаның ұйымдастырушылары мен содырлардың кім екендігіне де нақты жауап алмадық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауырлататын мән-жай болмаған жағдайда жазаны жеңілдету қажет дегенін назарға ала отырып және «Қаңтар оқиғасының» алғышарттары мен себептерін ескеріп, бүгінде ауыр емес заңбұзушылық жасаған азаматтарға тек Қылмыстық кодекстің көзімен ғана емес, адами гуманистік көзқараспен қарауға шақырамын, – деді Берік Дүйсенбинов.

 

Рекомендовать
Последние новости