Депутат Ізмұхамбетов мұнай кен орындарын барлау мәселесін сынға алды

Қаракөз Амантай 25 нояб. 2024 14:38 1807

Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында депутат Бақтықожа Ізмұхамбетов жаңа мұнай кен орындарын барлау жұмыстары жеткіліксіз деңгейде қаржыландырылып жатқанын атап өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Бүгін мұнай өңдеу зауыттарына жеткізілетін шикізат туралы айтылды. Отандық мұнай өндірушілер қорлары азайып, тиімсіз жобалармен айналысуға мәжбүр. Бұл алдағы жылдары мұнай өндіру көлемін арттыруды былай қойғанда, қазіргі деңгейде ұстап тұрудың өзі қиынға соғатынын көрсетеді. Барлау жұмыстарына ерекше көңіл бөлу қажет, алайда бұл бағытта жасалып жатқан қадамдар жеткіліксіз,” – деді депутат.

Сонымен қатар Ізмұхамбетов геологиялық барлауға бөлініп жатқан қаржының тым аз екенін айтты.

“Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2030 жылға дейін барлау жұмыстарына 5 миллиард доллар инвестиция құйылады. Жылына бұл шамамен 1 миллиард доллардан аз қаржыны құрайды. Алайда бұл көлем жеткіліксіз, мұндай қарқынмен жоспарланған жобаларды іске асыру мүмкін болмайды. Сондықтан барлау саласына көбірек қаржы бөлу керек,” – деп түйіндеді ол.

Еске салайық, бұған дейін депутат Еділ Жаңбыршин алдағы 15 жылда Қазақстандағы көмірсутек ресурстарының қоры таусылуы мүмкін екенін айтқан еді.

Еділ Жаңбыршин бүгінгі таңда мемлекеттің есебінде көмірсутек шикізатының 548 кен орны бар екенін, мұнай қорының жалпы көлемі 4,3 млрд тоннаны құрайтынын еске салды.

"Көмірсутек шикізаты қорының 72% - ы Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ сияқты ірі кен орындарына тиесілі. 10-15 жылдан кейін осы үш ірі кәсіпорында мұнай мен газ өндіру көлемі төмендейтіні анық. Сонымен қатар, игерудің кеш кезеңіндегі кен орындарының кейбірінде мұнай мен газ өндірісі төмендейді, кейбірінде жұмыс тіпті тоқтайды... Егер геологиялық барлаудың қазіргі баяу қарқыны және мұнай өндірісінің бүгінгі деңгейі сақталса, онда алдағы 15 жылда көмірсутек ресурстарының қоры түгесіледі", - деді депутат.

Ол Қазақстанда жаңа сутектер қорын ашу үшін біздегі геологиялық барлау саласының әлеуеті жеткілікті екенін айтады. Алайда бұл бағыттағы жұмыстар сылбыр жүрде. Мәселен, депутаттың айтуынша, тәуелсіздік алғалы 30 жыл ішінде елімізде бір ғана жаңа кен орыны ашылған.

Бұған дейін осы Үкімет сағатында баяндама жасаған Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев биылғы мұнай өндірісі көлемінің күрт қысқаруына не себеп болғанын түсіндірген болатын.


Рекомендовать
Последние новости