Депутат Дәулет Тұрлыхановтың ұлына қатысты сот үкімі өзгеруі мүмкін

Қаракөз Амантай 12 апр. 2024 10:25 7641

Жоғары соттың сот алқасы мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Болат Нұрасылдың ісіне қатысты үкімді қайта қарауға негіз тапты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл мәлімдемені адвокат Анна Чернова жеткізді.

“Маңызды кезең өткерілді. Біз соттың шешімін күтеміз және әділ жаза тағайындайды деп үміттенеміз. Еске сала кетейін, ол – осы бап бойынша айыппұл арқалаған жалғыз адам. Тіпті ең төменгі деңгейден аз. 500 АЕК ғана. Бұзақылық ниетпен екі адамның денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтірген адамға 1,7 миллион теңге айыппұл салынбауы керек! Елімізде адам өмірі мен денсаулығына қол сұғылмау керек”, – дейді заңгер.

Оның айтуынша, сот алдында бәрі тең.

“Біз сияқты қарапайым халық пен беделді мемлекеттік қызметкер-депутаттың баласы арасындағы іс, менің ойымша, әлеуметтік теңдік орнатудың бастапқы нүктесі болуы керек.

Кезінде рақымшылыққа ілініп, кейін әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған экс-министрдің оқиғасы қайталанбауы керек. Жазадан жалтару жаңа қылмыстарға жол ашуы мүмкін. Бәрі заң алдында бірдей. Әділдік күтеміз”, – дейді ол.

Еске салайық, бұған дейін ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Алматыда өз сүйіктісі мен екі заңгерді соққы астына алғаны туралы ақпарат тараған еді.

Белгілі болғандай, бойжеткенге араша түспек болған адвокаттар да таяқ жеп қалған. Бұл жағдай Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі 293 "Бұзақылық" бабы бойынша тіркелді.

Ал бұл оқиғаға қатысты пікір білдірген Дәулет Тұрлыханов болған жайтты растап, ұлының кәмелетке толғанын және барлық әрекетке өзі жауапты екенін жеткізген болатын. Сонымен қатар шешімді құқық қорғау органдары қабылдайды деп кесіп айтқан еді. 


Рекомендовать
Последние новости