Дариға Назарбаеваның Астанадағы зәулім сарайы сүріледі

Сағыныш Сардарова 29 окт. 2024 13:27 4500

Дариға Назарбаеваның ​​Астананың орталығындағы резиденцияларының бірі сүріледі. Бұл туралы "Выход к морю" арнасы жазды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Дереккөз мәліметінше, елордада Есіл өзенінің жағасында Нұрсұлтан Назарбаевтың тұңғышы Дариға Назарбаеваның бұрынғы резиденциясы сүрілетін болды. Жұмыстар тек резиденция аумағында емес, Дариға Назарбаева иелік еткен іргелес учаскелерде де жүргізіліп жатыр. Жұмыстың жалпы ауданы 30 мың м2 болады.

Арна бұл жер элиталық тұрғын үй кешенін салу үшін тазартылған болуы мүмкін деп топшылады.

"Әңгіме Есілдің оң жағалауындағы, Ататүрік саябағы мен Ақ Бұлақ өзенінің арасындағы аумақ туралы. Дариға Назарбаеваның резиденциясының ауданы 15 мың м2 болады, екі өзеннің түйіскен жерінде орналасқан. Бір кездері біреуі ІІМ санаторийіне тиесілі болған екі көршілес учаскемен бірге бүкіл кешеннің ауданы - 300 сотық. Биыл жазға дейін Дариға Назарбаева осы аумақтың барлығына иелік етті", - деп жазылған дереккөз мәліметінде.

Арна ақпаратына сүйенсек, бұл жылжымайтын мүлік 2000 жылы желтоқсанда құрылған "Трансакция" ЖШС-не жазылған, ал Назарбаевтың тұңғышы бұл компанияға 2020 жылғы қарашадан 2021 жылғы қыркүйекке дейін иелік еткен, кейін компанияның иелері туралы мәліметтер жасырылған.

Суреттерге қарағанда, қазір Нұрсұлтан Назарбаевтың қызының бұрынғы резиденциясының аумағында қарқынды құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр: барлық ғимарат (соның ішінде бұрынғы санаторий) бұзылған, жасыл желектерден ештеңе қалмаған. Дегенмен әзірге Назарбаеваның бұрынғы сарайы мен бірнеше ғимараттар "сау", дереккөз олар да жақын арада бұзылатынын жазды.

"Бұл активтің құнын шамамен бағалауға болады. Жақын маңда, өзен жағасында сатуға шығарылған осыған ұқсас учаскелер жоқ. Ғимараттарды ескере отырып, Назарбаеваның активін төменгі шек бойынша 7-8 млрд теңгеге бағалауға болады", - деп жазылған дереекте.

Айта кетейік, биыл жазда Астанадағы "Думан" қонақүй кешені де сатылымға шығарылды. Бұған дейін ол да Дариға Назарбаева мен оның "жұбайы" делінетін Қайрат Шәріпбаевқа тиесілі болған.


Рекомендовать
Последние новости