Республика күніне орай Бұқтырма су қоймасындағы көпір салтанатты түрде қолданысқа берілді. Ашылу рәсіміне аймақ басшысы Ермек Көшербаев қатысып, айтулы шараға жиылған жұртқа ізгі тілегін жеткізді.
— Ұлттық мереке Республика күніне орай тарихи сәттің куәгері болып отырмыз. Бұл көпір Президенттің арнайы тапсырмасымен салынды. Бүгін облыстағы бірнеше ауданды байланыстыратын Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін Орталық Азиядағы ең ұзын көпір ашылды. Жаңа көпір тұрғындардың жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, еліміздегі өнеркәсіп, құрылыс, кәсіпкерлік пен туристік салалардың дамуына ерекше серпін береді деп сенемін.
Айта кетерлік жайт, бұл көпірді салуға бірде-бір шетелдік компания тартылған жоқ. Көпірді «ОблШығЖол» ЖШС тұрғызды. Берекелі бірлік пен ынтымақтың, әрбір азаматтың еңбегінің арқасында еліміз табысты дамуда, – деді Ермек Көшербаев.
Салтанатты шара барысында облыс әкімі Ермек Беделбайұлы көпірдің құрылысына елеулі еңбек сіңірген және қолдау көрсеткен азаматтарды марапаттады. Абай облысы әкімінің кеңесшісі Азамат Қасым, «Күршім» паромының капитаны Алтай Бердікпаев, аға капитаны Серік Нүкетаев және басқарушысы Қадылбек Жармұхамбетов алғыс хаттармен марапатталды.