Дархан Жолшыбеков, Супермамасита: депутат Мәжіліс мінберінде бірнеше блогердің әрекетін жайып салды

Сағыныш Сардарова 24 сент. 2025 16:37

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев бүгінде ақшаға келгенде арды аттап кететіндер, байлыққа бұқараны алдап жететіндер аз емес екенін айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Депутаттың сөзінше, ойыннан ойын шығарып, оны желіге жүктеп, халықты тақырға отырғызуды табыстың көзі қылғандарды ауыздықтау үшін "Ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі мәселелері туралы" заң жобасы жазылған.

"2024 жылы заңсыз лотерея ұйымдастырған 101 адамға 41 млн теңге айыппұл салынды. Оңай ақшаға құныққандардың көзін ақшаның шелі басқаны сонша - өзгелердің от басқанын көрсе де заңсыз лоторея ұйымдастыруды қояр емес. 2025 жылдың басынан бастап бүгінгі күнге дейін тағы 79 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 33,1 млн теңге айыппұл салынды", - деді ол.

Депутат бірнеше блогерді атап көрсетті.

"Біріншіден, кейбір әлеуметтік желінің мүмкіндігін белсенді пайдаланатын инфлюенсер-алаяқтар уақытша компаниялар құрып, пайдасыз видеокурстар дайындап, соны сату деген сылтаумен заңсыз лотерея ұйымдастырып жатыр. Қарапайым азаматтарды бұл заңсыз іс-әрекеттерге көптеп тарту үшін сыйлық ретінде пәтер, автокөлік, электроника мен смартфондар, тіпті зәулім коттедждер тігіп жатыр.

Мысалы, оқырмандар саны 3 миллион болатын Дархан Жолшыбеков "darhanzholshybekov" аккуанты арқылы 300 миллион теңге тұратын зәулім үйіне заңсыз ұтыс ұйымдастырып, шамамен 1,5 млрд теңге қаржы жинаған. Ал оқырмандары саны 6,9 миллионды құрайтын "supermamasitа" аккаунты арқылы Байтуғаева Әлия бірнеше рет бағалы сыйлықтарды ойнатып, деректер бойынша 500 миллион теңге қаражат жинаған.

Жалпы оқырмандары 13 миллион болатын "Justking31" және "AminaXO" Instagram аккаунттарының иелері Нұртаза Нурбек және Амина зәулім үйлерін заңсыз лотерея ұйымдастыру арқылы сатып, 1,5 млрд теңге сомасында қаржы жинаған", - деді ол.

Айта кетейік, блогер Ерболат Жанабыловтың басы осындай дауға қалды, ол сотта бұған дейін кінәсін мойындамады.


Рекомендовать
Последние новости