Тоқаев: Біз Трамптың прагматикалық дипломатия жүргізудегі көшбасшылығын жоғары бағалаймыз

Кәмшат Тілеухан 23 сент. 2025 10:13

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йорктегі жұмыс сапарының алғашқы екі күні өте қарқынды әрі стратегиялық-экономикалық маңызға толы болды. Президентпен болған кездесулер тізімі де әлемге әйгілі брендтерден тұрады: Amazon, Goldman Sachs, Chevron, PepsiCo, Cerberus, Cameco, LanzaJet және тағы басқасы. Бұл анау-мынау емес, ғаламдық экономиканы құраушы компаниялар екенін де баса айта кетелік, деп хабарлайды Dalanews.kz.

ҒАЛАМДЫҚ ЭКОНОМИКАНЫ ҚҰРАУШЫ АЛПАУЫТ КОМПАНИЯЛАР ҚАЗАҚСТАНҒА НЕ ҰСЫНДЫ?

  • Мәселен, Amazon Қазақстанды жылдам интернетпен әрі киберқауіпсіздікпен қамтамасыз етіп қана қоймай, бізді Орталық Азиядағы спутниктік байланыстың өңірлік хабын қалыптастыруға болатын алаң ретінде қарастырып отыр.
  • PepsiCo болса, Алматы облысында құны 368 млн доллар болатын зауытты салуға кірісіп кетті. Мұнымен шектелмеген америкалық бренд картоп өсіру саласына толыққанды ден қоймақ. Ендеше, енді біздегі картоптың ауылшаруашылығы өндірісінде ғана емес, геосаясат күнтәртібіне де шығу қауқарына ие.
  • Chevron мұнай өндірісінің 25% Қазақстанға тиесілі екенін, 55 млрд доллар Теңіздегі ірі жобаларға салынып отырғанын да айтып,  ел экономикасындағы маңызын теңіздің арғы бетінде де тағы бір шегелеп алды.
  • Cerberus Орта дәліз талқысына ден қойды. 
  • Cameco, әрине уранды сөз етті. Айта кетсек, Қазақстан күні кеше елде үш АЭС салу жоспарын жариялаған болатын. 
  • Wabtec компаниясымен жалпы сомасы 4,2 миллиард долларға жуық келісімге қол қою рәсімі өтті. Бұл шараға АҚШ Сауда министрі Говард Лютник қатысып, тіпті Трамптың өзі дән риза болды. АҚШ президенті Тоқаевты құттықтап, желіде арнайы жазба да жариялады.
 
ТРАМП ТОҚАЕВТЫ НЕ ҮШІН ҚҰТТЫҚТАДЫ?

"Мен жаңа ғана Қазақстанның құрметті президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевпен әңгімелесіп болдым. Олар құны 4 млрд доллар болатын американдық локомотивтер мен теміржол жабдықтарын қамтитын тарихтағы ең ірі келісімге қол қойды. Біз көптеген жылдар бойы "жалған экологтардың" шабуылына ұшырап келген АҚШ-тағы теміржол саласын қолдауымыз керек", - деп жазды Трамп Truth Social-дағы парақшасында

Сондай-ақ, АҚШ басшысы Тоқаевты осы ірі келісімге қол жеткізуімен құттықтады.

"Бұл ел де және бүкіл әлем де сенімді және әдемі теміржолдардан тұрады. Енді олар қайта келіп жатыр, онда да тез!", деп сөзін түйіндеді Трамп.

АҚШ-ТЫҢ ІРІ БИЗНЕС ӨКІЛДЕРІНІҢ ҚАТЫСУЫМЕН ӨТКЕН ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йорктегі жұмыс сапары АҚШ-тың ірі бизнес өкілдерінің қатысуымен өткен "дөңгелек үстел" отырысында жалғасты. Оған америкалық бизнестің және қаржы саласының кіл мықты өкілдері мен экономикалық лауазымды қызметтегі саясаткерлер де қатысты: АҚШ Сауда палатасының президенті, АҚШ Сауда министрінің орынбасары, АҚШ Мемлекеттік хатшысының экономикалық өсім, энергетика және қоршаған орта мәселелері жөніндегі орынбасарының міндетін атқарушы, Chevron, NVIDIA, Boston Consulting Group, S&P Global, ExxonMobil Upstream Company, LanzaJet, The Boeing, Ashmore Group, Visa, Ivanhoe Mines Ltd., GTM, OpenAI,Mastercard, Shell USA, Honeywell Process Automation, Amazon Kuiper.

Дөңгелек үстелде Мемлекет басшысы Қазақстан мен АҚШ-тың кеңейтілген стратегиялық серіктестігі қарқынды түрде дамып келе жатқанына назар аударды.

"Біз Американы маңызды серіктестеріміздің бірі санаймыз және сан қырлы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екенімізді растаймыз. Америка Құрама Штаттарының да осы стратегиялық ұстанымды қолдайтыны қуантады. Оған Президент Дональд Трамппен 2024 жылы желтоқсан айында болған әңгімелесу барысында көз жеткіздік. Бүгін біз Президент Трамппен тағы да мазмұнды әңгіме жүргіздік. Ол үшін ризашылығымды білдіремін. Қазақстан Президент Трамптың прагматикалық дипломатияны алға тартуын, Еуропа мен Таяу Шығыстан бастап Азия мен Африкаға дейінгі қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеуге ықпал ету ісіндегі рөлін жоғары бағалайды. Оның конструктивті позициясы мен нақты нәтижеге қол жеткізуге айрықша мән беруі жаһандағы жіктелу ушыққан кезеңде шиеленістің бәсеңдеп, диалогтың артуына ықпал етуде. Мақсат-міндеті айқын мұндай батыл әрі табанды әрекет халықаралық деңгейде мойындауға лайық. Біздің ойымызша, бұл ұстанымдар ертең өтетін БҰҰ-ның Жалпы дебатында Ұйымға мүше мемлекеттердің назарына ұсынылуы керек. Құрама Штаттар Қазақстан экономикасына 100 миллиард доллардан астам қаржы құйған ірі инвестор саналады. Екі ел экономикалық ықпалдастықта зор жетістікке жетті. Біз мұны мақтан тұтамыз. Қазір елімізде 630-дан астам америкалық компания табысты жұмыс істеп жатыр. Олардың қатарында Chevron, ExxonMobil, Boeing, Visa, Mastercard, Meta, Wabtec, Citibank секілді танымал брендтер бар", – деді Президент.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қазақстанның өңірдегі экономикасы ең қуатты ел ретінде Орталық Азияға Америка бизнесінің инвестициясын тарту және олардың кәсіп аясын кеңейту ісінде жетекші рөл атқаруға дайын екенін жеткізді.

Бұл бағыттағы күш-жігерге С5+ және B5+ форматындағы тұрақты ынтымақтастық тың серпін бере алады.

Президент дөңгелек үстел қатысушыларына елімізде жүзеге асырылып жатқан экономикалық және саяси реформалар туралы мәлімет берді. Мемлекет басшысы жүзеге асырылып жатқан жұмыстың барлығы Қазақстанның тікелей шетел инвестициясына тартымдылығын арттыруды көздейтінін айтты. Сонымен қатар Қазақстан мен АҚШ арасындағы экономикалық және инвестициялық ықпалдастықтың негізгі бағыттарына тоқталды.

Қазақстан өзінің энергетикалық ресурстарын экспорттау бағыттарын әртараптандыруды көздейді

Қасым-Жомарт Тоқаев бұрыннан екіжақты ынтымақтастықтың негізі саналатын энергетика секторын алғашқы басымдық ретінде атады.

"Chevron және ExxonMobil компанияларының соңғы 30 жылда елімізге қомақты әрі табысты инвестиция салғанын мойындаймыз және жоғары бағалаймыз. Аймақтағы геосаяси дүрбелеңдерге қарамастан, олардың еліміздегі қызметіне қатысты ешқашан күмән туған емес. Еліміздің экономикасын жаңғыртуда, озық технологиялар енгізуде, экономикалық әлеуетіміздің орнықтылығы мен қуатын арттыруда сіздердің Қазақстандағы қызметтеріңіздің жағымды әсері болды. Біз Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ мұнай кен орындарындағы америкалық серіктестерімізбен конструктивті ынтымақтастықты одан әрі жалғастырамыз. Өзара серіктестігіміз алдағы уақытта да әділ әрі екі тарапқа тиімді нәтиже әкелгенін қалаймыз. Қазақстан өзінің энергетикалық ресурстарын экспорттау бағыттарын әртараптандыруды көздейді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы уран сынды стратегиялық маңызды міндетті жүзеге асыру ісінде Американың энергетика компаниялары басты рөл атқаратынына назар аударды.

Сонымен қатар Президент геологиялық барлау әрі іске асырылып жатқан жобалардың аясын кеңейту, әсіресе, уран өндіру және оны өңдеу саласында жаңа мүмкіндіктерді зерделеу қажет екенін атап өтті.

Қазақстан әлемдік уран нарығындағы сұраныстың шамамен 40 пайызын өтейді. Ал АҚШ осы материалдың орта есеппен 24 пайызға жуығын біздің елден импорттайды.

"АҚШ-тың энергетика саласындағы басымдықтарына сәйкес, біз көмірге негізделген таза, тиімді және экологиялық тұрғыдан қауіпсіз энергетикалық шешімдерді ұсынамыз. Қазақстанда қуаттың 70 пайыздан астамы көмірден алынады. Әлемдегі көмір қоры мол елдердің бірі ретінде біз де АҚШ сияқты мұны энергияның сенімді әрі қауіпсіз көзі ретінде қарастырамыз, тым болмағанда таяу келешекте одан бас тартпаймыз. Еліміздің энергетикалық стратегиясы төрт компонентке: мұнай, газ, көмір және уранға негізделген. Біз осы қағидатты берік ұстанамыз", – деді Мемлекет басшысы.

Президент маңызды шикізат материалдарын игеруді басым бағыт ретінде қарастыратынын жеткізді. Бұдан бөлек, Қазақстанда мыс, вольфрам, қорғасын, мырыш, литий, графит және жоғары технологияға аса қажетті басқа да пайдалы қазбалардың мол қоры бар екенін еске салды.

Қасым-Жомарт Тоқаев көлік және логистика секторындағы кең мүмкіндіктерге тоқталды.

Қазақстан Boeing компаниясымен ынтымақтастықты кеңейтуге, жаңа ұшақтар алуға ниетті

Сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамытудың келешегі зор екеніне назар аударды.

"Біз Wabtec компаниясының еліміздегі машина жасау және теміржол көлігі салаларын ілгерілетудегі негізгі рөлін жоғары бағалаймыз. Қазақстан аталған компаниямен серіктесе отырып, физикалық желілерді ғана емес, үлкен дерекқорға негізделген интеллектуалды, интеграцияланған көлік дәліздерін де құрып жатыр. Бүгін Wabtec компаниясымен 4 миллиард долларға жуық қаржының жаңа келісіміне қол қойылды. Бұл еліміздің АҚШ-пен көлік саласындағы ынтымақтастығын айтарлықтай нығайтады. Air Astana және SCAT сияқты алдыңғы қатарлы әуе компаниялары Boeing ұшақтарын пайдаланады. Азаматтық авиация паркіміздің негізі осы ұшақтардан құралған. Біз Boeing компаниясымен ынтымақтастықты кеңейтуге және таяу жылдары жаңа ұшақтар алуға ниеттіміз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент мән берген келесі басымдық – цифрлық трансформация

Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы үш жылда Қазақстанды толық цифрлық мемлекетке және цифрлық трансформация мен жасанды интеллект саласында Еуразияда көш бастайтын ІТ-хабқа айналдыру жоспарымен бөлісті.

NVIDIA, Amazon, Starlink және Microsoft сияқты жаһандық технологиялық алпауыттар цифрлық экожүйемізді қалыптастыруға белсенді атсалысып жатыр. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл еліміздің ІТ саласындағы әлеуеті орасан зор екенін көрсетеді. Бұл ретте цифрлық активтер, Индустрия 4.0, жасанды интеллект және «ақылды қала» шешімдері өзара ықпалдастықтың перспективті бағыттары саналады.

Қаржы секторы туралы сөз қозғай отырып, Мемлекет басшысы дөңгелек үстел қатысушыларына «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктерін таныстырды.

Қазіргі уақытта онда 80-нен аса елден 4200-ден астам компания тіркелген. Оның 60-тан астамы – америкалық компаниялар.

Қасым-Жомарт Тоқаев адами капиталды дамытудың маңызына ерекше тоқталды. Мемлекет жас буын көшбасшыларын қалыптастыру үшін америкалық университеттермен және зерттеу орталықтарымен бірлескен жобалардың аясын кеңейтуді ұсынды.

Президент: Біз өзіміздің стратегиялық мақсатымыздан, соның ішінде АҚШ-пен тығыз ынтымақтастық жасау ниетімізден айнымаймыз

Мемлекет басшысы Америка Құрама Штаттарымен стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту еліміздің сыртқы саясатындағы ұзақ мерзімді басымдықтардың бірі екенін айтты.

"Қазақстан географиялық тұрғыдан сезімтал аймақта орналасқан. Біз өзіміздің стратегиялық мақсатымыздан, соның ішінде АҚШ-пен тығыз ынтымақтастық жасау ниетімізден айнымаймыз. Өйткені АҚШ біздің тәуелсіздігімізді әлемдегі алғашқы елдердің бірі болып мойындады және әрдайым Қазақстанның егемендігі мен аумақтық тұтастығын қолдап келеді. Халқымыз Американың бұл ұстанымын шынайы құрметтейді. Елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды саяси-экономикалық реформалар, ашық және инвестицияға қолайлы саясат жүргізу ұстанымы америкалық компаниялардың Қазақстанда алаңсыз бизнес жүргізуіне кепілдік береді әрі олардың сенімді, ұзақ мерзімді серіктес болуына мүмкіндік жасайды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Рекомендовать
Последние новости