"Дәретханаға құлады" дегенге кім сенеді? Депутат әскердегі жантүршігерлік жайттар туралы

Сағыныш Сардарова 18 сент. 2024 11:50 2664

Депутат Нартай Сәрсенғалиев Мәжіліс мінберінде "қазақ әскеріндегі қазіргі адамшошырлық ахуалды" көтерді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Кейінгі кезде әскердегі қайғылы жағдайлардың қатары сиремей тұр. Депутаттың сөзінше, соңғы 3 жылда 270 әскери қызметкер ажал құшқан.

"Жауырды жаба тоқығанмен жараның жазылмайтыны белгілі, оның айғағы бейбіт күнде сарбаздарымыз түрлі дене жарақатын алып, кейбіреуі қайтыс болуда. Бұл бір емес, бірнеше рет қайталанған жағдай. Осының салдарынан айыппұл салмақ түгілі айып тақсаңда ешкім бауыр еті баласын жастар жан тапсырған орта – әскер қатарына жібергісі келмейді.

Мәселен, соңғы үш жылда Қазақстанда 270 әскери қызметкер қайтыс болған, ал соңғы төрт жылда әскерде 86 суицид тіркелген, 20 әскери адам өз-өзіне қол салуға оқталған. Бұл – әскери прокуратура мәлімдеген ресми сан", - деді ол.

Депутат бұған дейінгі даулы істерді тізіп, дүйім ел назарын тігіп отырған Ұлттық ұлан жауынгері Ербаян Мұхтардың жағдайына да тоқталды.

"2023 жылғы тамызда әскери бөлімшелердің бірінде командир әскерге жаңадан келген сарбазды орындықпен ұрып, соққыға жыққан. Арты немен бітті дейсіз ғой, іс тараптардың бітімге келуімен жабылып қалған. 2024 жылдың маусым айында Жамбыл облысының бір әскери бөлімшесінде әскерге келгеніне 1-ақ ай болған сарбаз ес-түссіз жансақтау бөліміне түскен.

Ал таяуда орын алған жағдай бүкіл отандасымыздың ашу-ызасын туғызды. Ұлттық ұланның жауынгері Ербаян Мұхтар басынан алған жарақаттан бес ай бойы ес-түссіз жатыр. Жауаптылар «Ербаян дәретханаға құлап, жарақаттанды» дейді. Бұған кім сенеді? Жарақаттың салдарынан сарбаздың басының жартысын алып тастауға тура келген. Енді оған тұрақты күтім қажет. Қазір ата-анасы Ербаянды шетелге емге әкетуге қам жасауда", - деді ол.

Сондай-ақ, жуырда Ақтаудағы гарнизонында көз жұмған сарбаз Марат Барқұловқа қатысты оқиғаны айтты.

"Оны офицер атып тастаған. Бұл қасақана жасалған әрекет, жоқ па? Аталған сұрақтың жауабын тергеу орындары әділ зерттеп, нәтижесін қоғамға ашық түрде жеткізуі керек.

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында «Әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады. Сондықтан сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен, армия басшылығы және құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты», - деп атап өтті. Өкінішке қарай, армиядағы жағдай бұған мүлдем кереғар болып тұр", - деді депутат.

Нартай Аралбайұлының айтуынша, былтыр Қорғаныс министрлігі әскери бөлімдерде 50 мыңнан астам бейнекамера бар деген. Алайда әскердегі сұмдық жайттар бұл мәліметке күмән туғызады.

Депутат қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовқа бірқатар ұсыныс жасады:

  1. Еліміздің армиясындағы аталған келеңсіздікті тыю және алдын алу бойынша нақты шараларды қабылдауды.
  2. Әскерилердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған жобалады қолға алып, олардың іске асуын жеделдетуді ұсынды.

Рекомендовать
Последние новости