Даниал Ахметов: "Семейде 4 мыңға тарта жұмыс орны ашылады"

Dalanews 22 нояб. 2019 10:37 733

Семейді дамытуда Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауы аса маңызды. Бұлай деп Орталық коммуникация қызметінде өткен брифингте Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов айтты.

Биылғы жылдың қазан айында Семей жұртымен жүздескен Үкіметбасы қаланың 2020-25 жылға дейін кешенді даму жоспарын таныстырған.

Соның аясында 7 бағыт бойынша барлығы 56 жоба жүзеге асырылып, бұған 250 млрд. теңге бөлінеді. 


Соңғы үш жылда Семейді абаттандыруға, оның ішінде жол жөндеуге 13,5 млрд теңге, мектептерді күрделі жөндеуден өткізуге – 1,5 млрд теңге бөлінді. 

Үшақтар кентінде 1200 орындық және Бобровка ауылында 600 орындық мектеп салынды. 

Қаладағы Қарағайлы жаңа шағынауданында 20 көпқабатты үйдің құрылысы аяқталды. 


Семейдің автобус паркі 80 пайызға жаңарып, жолаушылар тасымалы тәртіпке келді. Қазір қала көшелерінде жергілікті «DaewooBusKazakhstan» ЖШС-сында жасалған 267 автобус үзбей жүріп жүр. 

Семей әуежайы күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар әлемдік деңгейдегі спорт кешенінің құрылысы аяқталуға жақын. 

Ахметовтың айтқанындай Семейге қатысты кешенді жоспар қаланың ажарын ашып, көркін кіргізбек.

Осы жоспардың негізінде Семейде 4 мыңға тарта жаңа жұмыс орны ашылып, 133 көпқабатты үй пайдалануға беріледі. 


Әлеуметтік саланы дамытуға 47 млрд теңге бөлінгелі отыр, оның ішінде 4 мектеп және 4 балабақша, мұз айдыны, балалар ауруханасы, мүгедектерге арналған оңалту орталығының құрылысы бар. 

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде қалаға бюджет қаржысынан тыс 76 млрд теңге тартылатын болады. 

"Соның нәтижесінде алдағы 5 жылда Семейдегі өндіріс көрсеткіші – 1,6 есе, негізгі капиталға салынған инвестиция мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрсеткіші - 1,2 есе, бөлшек сауда айналымы - 2 есе өседі.

1-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуды 100 пайызға жеткіземіз", – деді Даниал Ахметов. 

Рекомендовать
Последние новости