"Даму бала": Қызылордада бюджет ақшасын "жеген" шенеунік әйел 6 жылға сотталды

Кәмшат Тілеухан 14 авг. 2025 09:50

Қызылорда қаласында балалар спортын және шығармашылығын қолдауға арналған "Даму бала" платформасы арқылы қызмет көрсететін кәсіпкерлерден 88 млн теңгеден астам қаражатты жымқыру фактісі бойынша сот үкімі шығарылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Аталған қылмыстық іс Қызылорда облысы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаментімен жүргізілді.

Тергеу барысында анықталғандай, мониторингтік топ құрамында болған қатысушылардың бірі, өзінің қызмет бабын пайдаланып, сыбайласымен бірге кәсіпкерлерге тексеріс нәтижелерін "оң шешіп береміз" деген желеумен ақша бопсалаған.

Нәтижесінде олар 88 млн теңгеден астам қаражатты алған, оның бір бөлігі коттедж және автокөлік сатып алуға жұмсалған.

Соттың санкциясымен бұл мүлікке тыйым салынды.

"Сот үкімімен басты айыпталушы кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы тағайындалды.Оның сыбайласы 5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды", делінген ҚМА хабарламасында.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.


Рекомендовать
Последние новости