Чек сұрап, ақша тап: салықшылар халықты қалай ынталандырмақ?

Dalanews 30 июл. 2025 16:32

Қазақстандық салықшылар халықты фискалдық чек талап етуге қызықтыратын тың тәсіл ойлап тапты. Ұсақ және шағын бизнес субъектілерінен сауда жасаған азаматтарға чектегі соманың екі пайызы қайтарылмақ. Қазірдің өзінде Салық комитетінің бұл пилоттық жобасы өз тиімділігін көрсетіп үлгерді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мемлекеттік кірістер комитетінің арнайы салық режимдерін басқару басшысы Ерқанат Шынбергеннің айтуынша, тың тәжірибе Семей және Ақкөл қалаларында сыналып, нәтижесі көңіл көншіткен.

Жоба шарты қарапайым ғана: сатып алушы шағын немесе микробизнес өкілінен алған түбіртегін арнайы жүйеге тіркейді де, тауар немесе қызмет құнының екі пайызын кері қайтарып алады.

2024 жылы бұл бастамаға 18 мыңнан астам азамат қатысып, жалпы саны 244 мыңнан аса чек тіркелген. Тұтынушыларға кері қайтарылған қаражат көлемі 76 миллион теңгені құрады. Жобаның басты жетістігі – чектерді талап ету арқылы көлеңкелі сауда айналымы көлемінің төмендеуі. Онлайн кассалар арқылы жасалған төлем сомасы 231%-ға өссе, фискалдық чектер саны 357%-ға көбейген.

"Осы арқылы азаматтардың чек сұрау мәдениеті қалыптасып жатыр. Түбіртек беруден бас тартатын кәсіпкерлер де жоқ емес. Мұндай жағдайда халық салық органдарына шағым түсіре алады. Чек талап ету – әрбір азаматтың заңды құқығы", – дейді Ерқанат Шынберген.

Комитет өкілдері жобаның сәтті іске асқанына қарап, оны елдің басқа өңірлеріне де енгізу керек деп санайды. Егер бастама бүкіл республика бойынша жүзеге асса, бюджетке түсетін салық көлемі ұлғайып, халықтың қаржылық сауаты да біршама арта түспек.


Рекомендовать
Последние новости