Бишімбаевтың отбасының активтері тексеріле ме? ҚМА жауап берді

Сағыныш Сардарова 22 мая 2024 11:28 3375

Мәжіліс кулуарында журналистер Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесовке Бишімбаевтар отбасының активтеріне қатысты сұрақ қойды, - деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Олар агенттік Қуандық Бишімбаевтың отбасының активтерін тексеру туралы петицияға қаншалық назар аударатынын сұрады. 

"Жарайды, міндетті түрде назар аударамыз. (...) Петицияның нәтижелерін күтіп, бір жағынан бұл мәселені қарастырамыз. Бұған міндетті түрде назар аударамыз. Уайымдамаңыздар, сіздерге міндетті түрде хабарлаймыз", - деді агенттік өкілі.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда Қаржылық мониторинг агенттігі Бишімбаевтар отбасына қатысты істерді тергеп жатқан жоқ.

"Бізде тіркелген қылмыстық істер жоқ. Бірақ заңсыз сатып алынған қылмыстық кірістер бойынша тексерістерді тұрақты жүргіземіз. Бұл жұмыстар бізде, егер қылмыстық жолмен алынған және заңдастырылған қандай да бір заңсыз кірістер шықса, біз оларды міндетті түрде қылмыстық жауапкершілікке тартамыз", - деді Елемесов.

Айта кетейік, бұған дейін басылымдар Бишімбаевтарға қатысты активтерді зерттеген еді. Уәлихан Бишімбаевтың атына ешқандай бизнес тіркелмеген болып шықты.

"Бұл әулеттің кәсібін экс-министрдің анасы Әлмира Нұрлыбекова басқарады. Оның атында ресми 6 компания бар", - деп жазды басылымдардың бірі.

Ал "EZy Park" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Астана қаласы бойынша тіркеу басқармасынан 2019 жылы 23 желтоқсанда алғаш рет, кейін 2024 жылы 14 наурызда қайта тіркеуден өткен. Директоры – Ибраев Канат Болатбекович. Құрылтайшылары –Мадиев Сержан Нураханович; Ахметжанов Азамат Бирлесович, Абдуллин Тасболат Аманжолович, Малик Кайрат Камилулы, Оспанов Алий Маратович. Құрылтайшыларының арасында экс-министрдің анасы болған. Бірақ БАҚ-тағы кейбір мәліметтерге қарағанда Салтанат Нүкенованың өлімінен кейін Нұрлыбекова Әлмира құрылтай мүшелігінен шығып кеткен. Мекенжайы – Астана қаласы, Достық көшесі, 16 П. Кәсіпорынның 2023 жылғы ақша айналымы 1 903 723 010 теңге. Төлеген салығы – 38 851 890 теңге. Мемлекеттен алған келісімшарттары кездеспейді. Дәл осы ЖШС-ға тиесілі "Гастроцентрде" Салтанат Нүкенова қаза тапқан BAU мейрамханасы орналасқан.


Рекомендовать
Последние новости