Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырысында оқиға болған күннің видеосы көрсетіліп жатыр, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұған дейін прокурор Bau мейрамханасының бақылау камераларынан, телефондардан және көшедегі бақылау камераларынан барлық видеоны көру туралы өтініш білдірген еді.
Ал сотта көрсетілген кадрда Бишімбаев пен Нүкенованың мейрамханаға кіріп келе жатқан сәті көрінеді. Ал кейінірек сағат 00.45-те олар мейрамханадан шыққан сәт көрінеді.
Сонымен қатар, олардың кіреберісте өте ұзақ сөйлесіп тұрғаны да көрінетін кадрлар бар.
27 наурызда экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алқабилер таңдалған еді. Алқабилер алқасына 12 адам іріктелді: 10 – негізгі құрам, 2 – қосалқы. Содан кейін ашық сот отырыстары басталды.
Сонымен қатар, Қуандық Бишімбаев сотта Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтіргенін мойындамады. Бұл оқиға 2023 жылы 9 қарашада Астана қаласындағы BAU мейрамханасында болды.
Бұған дейінгі сөзінде Бишімбаев дәретханада қандай оқиға болғанын айтқан еді.
"Ол "маған берген сыйлықтарыңа ішің ашитын шығар" деді. "Олар маған неге керек?" дедім. "Бәрін қайтарамын" деді. "Қайтарудың қажеті жоқ, керек болмаса, лақтырып таста" дедім. Сол сәтте оған не болғанын білмеймін. Ол маған қарама-қарсы отырды. Менің көзімше сырғасын, неке жүзігін, сағатын, білезіктерін шеше бастады да, дәретханаға лақтырып тастады. Бәрін шын жүрекпен сыйлағанмын. Мен таңғалдым, әрекеттеріне қарап, сөйлей алмай қалдым. Не істерімді білмедім. "Ішетін бірдеңе әкелейін" деп дәретханадан шығып кеттім. "Иә, алып кел" деді", - деді ол.
Бишімбаевтың айтуынша, келген кезде есік жабық екенін көрген.
"...Салтанат есікті іштен жауып алған, соққының дауыстары естіліп жатты. Мен есікті қаға бастадым. "Салта, Салта, есікті аш" дедім. Ол естімеген болуы керек. Мен есікті жұдырықпен соға бастадым. Ол жүгіріп келіп, есікті қағып жатқанымды естіп, мені балағаттай бастады. "Сен мені осындай күйге жеткіздің" деді. Мен түсінбедім. ...Менде де агрессия пайда болды. ...Мен штативті алып, есікті ұра бастадым. Содан кейін есікте тесік пайда болды, кейін есікті іштен ашты. Ол мені балағаттай бастады, мен де оны боқтап айғайладым. Сөйтіп, жанжал басталды, ол мені ұра бастады, көйлегімді жыртып жіберді, мен оны ұстап алып, итеріп жібердім, қабырғаға соғылды. "Сабыр сақта" дедім. Ол маған қайта келе жатқанда, мен де оның жейдесін жыртып жібердім. Ол ашуланды. Жейдесін шешіп тастады. Оның үстіндегі киімнің бәрі 8-і күні түс кезінде концертке барар алдында сатып алынған еді. Маған киімдерін лақтыра бастады. Мен оны шапалақпен ұрып жібердім, ол кейін шегінді. Бәрі өте тез болды. Ол бір кезде "шалбарымды да шешемін" деді. Мен арқасынан ұстап алдым", - деді ол.