Бишімбаев ісі: сот тергеуі аяқталды

Сағыныш Сардарова 24 апр. 2024 17:44 6099

Бүгін экс-министр Қуандық Бишімбаев пен оның туысы Бақытжан Байжановқа қатысты қылмыстық іс бойынша кезекті сот отырысы өтті. Сот тергеуі барысында екі куәдан басқа қалада болуына байланысты онлайн режимде жауап алынды. Сот отырысының аяғында судья Құлбаева сот жарыссөздері қашан өтетінін айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бүгін Бишімбаев ісі бойынша сот тергеуі аяқталды. Келесі кезең - сот жарыссөзі. Судья Айжан Құлбаева жарыссөз 29 сәуірде басталатынын, оған дайындалуға тараптарға уақыт берілетінін мәлімдеді.

Тараптардың жарыссөздері 30 сәуірде, сондай-ақ, 2, 3 және 4 мамырда жалғасады. 

Сотталушылар кінәсін кейбір тұста ғана мойындап отыр. Бишімбаев Нүкенованы ұрып-соққанын мойындады, нәтижесінде ол қайтыс болды, бірақ оның сөзінше, Нүкенованы өлтіру ниеті болмаған. Ал Байжанов "жедел жәрдем" шақырмағаны үшін өзін кінәлі сезінетінін мәлімдеді.

Айта кетейік, Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық сотында Қуандық Бишімбаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша бірнеше сот отырысы өтті. Оны дүйім жұрт Жоғарғы соттың YouTube каналынан онлайн тамашалады.

Азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген айыппен сотталып жатқан экс-министр Қуандық Бишімбаевты адвокат Лейла Рамазанова, Назкен Құсайынова, Ерлан Ғазымжановтар қорғап жатыр.

Ал марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді мен оның отбасының адвокаттары – Жанна Оразбахова мен Әлия Омарова.

27 наурызда экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алқабилер таңдалған еді. Алқабилер алқасына 12 адам іріктелді: 10 – негізгі құрам, 2 – қосалқы. Содан кейін ашық сот отырыстары басталды.

Сонымен қатар, Қуандық Бишімбаев сотта Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтіргенін мойындамады. Бұл оқиға 2023 жылы 9 қарашада Астана қаласындағы BAU мейрамханасында болды.

Бишімбаевқа екі бап бойынша айып тағылды:

  • аса қатыгездікпен кісі өлтіру (15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру);
  • қинау (4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе осы мерзімге бас бостандығынан айыру).

Сондай-ақ, оның туысы Бақытжан Байжанов та күдікті ретінде қамауға алынды. Оған  қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылған. Нақтырақ айтсақ, 432-бабы (аса ауыр қылмысты жасырып қалу); 434-бабы (аса ауыр қылмысты хабарламау).


Рекомендовать
Последние новости