Бишімбаев ісі: Байжановтың адвокаты күтпеген мәлімдеме жасады

Сағыныш Сардарова 28 мая 2024 09:28 6347

Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты істе екінші айыпталушы болған Бақытжан Байжановтың адвокаты Ғазиз Ынтықбаев сотталушының атынан сот үкіміне қарсы апелляциялық шағым түсірді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Байжановтың адвокатының сөзінше, апелляциялық шағым сот кеңсесі арқылы 27 мамырда түскен. Адвокат шағым түсірер алдында Қылмыстық кодекстің 432-бабы ("Қылмысты жасыру") бойынша бұрын сотта қаралған істерді зерттегенін айтты. Оның сөзінше, сотталғандарға бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындалған.

"Ол төрт жылға бас бостандығынан айырылып, ең қатаң жаза алды. Біз жазаның мөлшерімен ғана емес, "Байжанов кінәлі" деген үкіммен мүлдем келіспейміз. Біз апелляциялық шағымда нақты деректерді келтіреміз, Байжановтың іс-әрекетінде қылмыстық құқықбұзушылық жоқ деп есептейміз", - деді Байжановтың адвокаты Ғазиз Ынтықбаев Tengrinews.kz-ке.

Бақытжан Байжановтың адвокатының айтуынша, қылмыстық іс жүргізу кодексіне сәйкес апелляциялық шағым екі ай ішінде қаралуы мүмкін.

Айта кетейік, Қуандық Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов сот үкімімен 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкімді судья Айжан Құлбаева жариялаған еді.

Бақытжан Байжанов Қуандық Бишімбаев жасаған аса ауыр қылмысты уәдесіз жасыру бойынша кінәлі деп танылды (Қылмыстық кодекстің 432-бабы).

Сотталушылардың кінәсі жәбірленушінің, куәлардың айғақтарымен, аудио-бейнематериалдармен, сараптамалық қорытындылармен және қылмыстық істің басқа материалдарымен дәлелденген.

"Прокурор Бишімбаевты 24 жылға, Байжановты 4 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сот отырысында сотталушылар өз кінәларын мойындамады. Сот Қылмыстық кодекстің 53-бабына сәйкес сотталушылар Бишімбаев пен Байжанов үшін кәмелетке толмаған балалары болуын жеңілдететін мән-жайлар деп таныды", - деп жазылған сот мәліметінде.

Айыптау қорытындысына сәйкес Байжановтың қылмыстық жауапкершілігі мен жазасын ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.

Жаза мөлшері туралы мәселені судья мен алқабилер Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 656-бабына сәйкес ашық дауыс беру арқылы көпшілік дауысты ескере отырып шешкен.

Алғашында Бақытжан Байжанов Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша қылмыс жасады деп айыпталды: 432-бап "ауа ауыр қылмысты жасырып қалу" және 434-бап "аса ауыр қылмысты хабарламау".


Рекомендовать
Последние новости