Құқық қорғаушы Татьяна Чернобиль QazNews24 сатирикалық парақшасының авторы Темірлан Енсебектің ісіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Айтуынша, бұл іс — заң тәртіпсіздігінің көрінісі.
“Қылмыстық кодексте араздықты қоздыру туралы бап бар, бірақ оны қолдануда ешқандай тәртіп жоқ,” – деп жазды Чернобиль өз парақшасында.
Оның айтуынша, бұл бап қоғамдағы тәртіпті сақтау немесе жеккөрушілік негізінде жасалатын қылмыстардан қорғау үшін емес, билікке ұнамсыз азаматтарды қудалау үшін пайдаланылып жатыр.
“Бұл баптың қолданылуы біржақты. Ол, әдетте, қорғауға мұқтаж топтардың мүддесіне қарсы жұмыс істейді,” – деді құқық қорғаушы.
Чернобиль атап өткендей, Темірланға тағылған айып оның сатирикалық жарияланымында қолданылған әнге байланысты.
“Темірланды басқа автордың мазмұны күмәнді әнін сатирикалық жарияланымда қолданғаны үшін айыптап отыр. Ал шағымданушыны ашуландырған – әннің өзі. Бірақ сотталайын деп жатқан – Темірлан. Бұл әділетсіздік емес пе?” – деп сұрақ қояды ол.
Құқық қорғаушының айтуынша, Қылмыстық кодекстің 174-бабы экстремистік болып саналады, ал сотталғандарға қосымша жазалар тағайындау тәжірибесі кең таралған.
“Егер Темірланды кінәлі деп таныса, оған бірнеше жыл бойы қоғамдық немесе журналистік қызметпен айналысуға тыйым салуы мүмкін. Бұл билікке қарсы шығып жүрген азаматтарға арналған арнайы жаза сияқты көрінеді,” – деді Чернобиль.
Сонымен қатар, құқық қорғаушы экстремистік баптар бойынша сотталғандарды “экстремизм мен терроризмді қаржыландыруға қатысы бар ұйымдар мен адамдар” тізіміне қосу мәселесіне тоқталды. Бұл тізімге енгендер экономикалық блокадаға ұшырайды, олардың банктік шоттары бұғатталады, нотариустың қызметтерін пайдалану және қаржылық операциялар жүргізу мүмкіндігінен айырылады.
Чернобиль дауға себеп болған ән туралы да пікір білдірді.
“Аталған ән 2000 жылдардан бері бар. Ол алғашында тек қазақ тілді ортада таралған еді. Алайда Ресей мен Украина арасындағы соғыс басталғаннан кейін орыс тілді аудитория арасында да кең таралып, шовинистік мазмұнымен жиі сынға ілікті. Дегенмен, бұл әннің Қазақстанда орындалуына ресми тыйым салынбаған, бірақ оны пайдаланғандарға жаза қолданып жатыр,” – дейді ол.
Еске салайық, 18 қаңтарда танымал Qaznews24 сатиралық парақшасының авторы Темірлан Еңсебек екі ай мерзімге қамауға алынған еді.
Белгілі заңгер Жанар Балғабаеваның айтуынша, Темірлан Еңсебектің қамалуына "Йоу, орыстар" деген ән түрткі болған. Еңсебек бұл әнді ресейлік тележүргізуші Тина Канделаки туралы постына қосқан, әнде балағат сөздер бар.
Ол 174-бап "Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни алауыздықты қоздыру" бойынша айыпталып отыр. Темірлан Еңсебек 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.