Биылғы тоғыз айда банктер бизнеске 12,8 трлн теңгенің несиесін берген

Кәмшат Тілеухан 18 нояб. 2024 14:39 179

Соңғы жылдары тұтынушылық кредиттеу белсенді өсімді көрсетіп, соңғы үш жылда банк секторындағы орташа жылдық өсімі 33%-ды, микроқаржы секторында 45%-ды құрады. 2024 жылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша, тұтынушылық кредиттер 24,7%-ға, яғни 12,9 трлн теңгеге дейін, ал МҚҰ-да 5,8%-ға, яғни 1,3 трлн теңгеге дейін өсті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) мәліметінше, проблемалық кредиттердің үлесі қалыпты деңгейде қалып отыр: банктерде – 5,2%, ал МҚҰ-да – 12,3%.

Азаматтардың шамадан тыс кредит алу тәуекелдерін болдырмау, сондай-ақ қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын күшейту үшін 2024 жылы бірқатар реттеушілік және заңнамалық шаралар қабылданды.

"Біріншіден, қарыз алушылардың кредит қабілеттілігін тиісті бағалауды қамтамасыз ету үшін борыш жүктемесінің коэффициентін есептеу тәртібі қатаңдатылды, бұл кредиттер бойынша төлемдердің қарыз алушы кірісінің 50%-ы деңгейіндегі жиынтық мөлшерін шектейді. Атап айтқанда, ағымдағы жылғы сәуірден бастап борыш жүктемесінің коэффициентін есептеу жөніндегі талап барлық қарыз алушыға және барлық қарызға (тұрғын үй құрылыс жинақтары шеңберінде берілетін қарыздарды қоспағанда) қолданылады. Бұрын борыш жүктемесінің коэффициентін есептеу кепілді қарыздарға, сондай-ақ кірісі орташа айлық жалақының екі еселенген мөлшерінен жоғары қарыз алушыларға қолданылмаған", делінеді хабарламада.

Бұдан басқа, қарыз алушының кірісін бағалау өлшемшарттарынан кірістің үш жанама өлшемшарты (коммуналдық қызметтер, интернет-дүкенде сатып алу, мүліктің болуы) алып тасталды. Бұл шаралар қарыздарға қызмет көрсету үшін кірісі жеткілікті емес адамдарға кредиттер беруге жол бермеуге бағытталған.

Екіншіден, тұтынушылық кредит беру нарығын реттеуге және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған маңызды жүйелі шара ағымдағы жылғы 19 маусымда Мемлекет басшысы қол қойған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеуді және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңның қабылдануы болды.

Бұл – тұтынушылық кредит берудің барлық аспектілерін қамтуға мүмкіндік беретін жүйелік заң. Атап айтқанда, заң мынадай негізгі жаңалықтарды көздейді:

  1. Проблемалық қарыздары бар азаматтардың борыш жүктемесін азайту мақсатында банктер мен МҚҰ үшін кредиттер бойынша 90 күннен аса мерзімі өткен азаматтарға кредиттер беруге тыйым салынды, сондай-ақ барлық қолданыстағы (өтелмеген) тұтынушылық кредиттер бойынша 90 күннен аса мерзімі өткеннен кейін сыйақы есептеуге тыйым енгізілді.
  2. Проблемалық кредиттерді реттеуге азаматтардың құқықтарын іске асыру және банктер мен МҚҰ-ның азаматтардың берешегін реттеу бойынша сапалы жұмыс жүргізуін қамтамасыз ету үшін коллекторларға азаматтардың қарыздарын беруге екі жылдық мораторий (2026 жылғы 1 мамырға дейін) енгізілді. Сондай-ақ, коллекторлардың жеке тұлғалардың сатып алынған кредиттері бойынша берешекті реттеу рәсімдерін жүргізу міндеті енгізілді.
  3. 3. Заңнамалық тұрғыдан тұтынушылық кредит ұғымы енгізілді, сондай-ақ оның ең жоғары сомасы белгіленді: банктер бойынша – 2 200 АЕК (8 122 400 теңге), МҚҰ бойынша – 1 100 АЕК (4 061 200 теңге).
  4. Агенттік пен Ұлттық Банктің бірлескен нормативтік актісімен банктердің кепілсіз тұтынушылық қарыздары және МҚҰ-ның микрокредиттері бойынша ЖТСМ шекті мөлшері 56%-дан 46%-ға дейін, банктердің кепілді қарыздары бойынша 40%-дан 35%-ға дейін төмендетілді, ипотекалық қарыздар бойынша 25% деңгейінде сақталды.
  5. 45 күнге дейінгі мерзімге 50 АЕК-ке дейінгі сомаға микрокредиттерді реттеудің ерекше тәртібінің күші жойылды, бұған дейін оған шекті ЖТСМ-ді сақтау жөніндегі талап қолданылмаған болатын. Енді 45 күнге дейінгі мерзімге 45 АЕК-ке дейінгі сомаға микрокредиттер (166 140 теңге) бойынша ЖТСМ-нің шекті мөлшері тәулігіне 0,3%-дан кем, бірақ 179%-дан аспайтын деңгейде белгіленді.
  6. Барлық кредиттер бойынша жиынтық берешекті шектеу үшін жаңа макропруденциялық норматив – қарыз алушының кірісіне қатысты борыш коэффициенті енгізілді, ол кредиттер бойынша жиынтық берешектің қарыз алушының кірісіне қатынасы ретінде есептеледі.
  7. Азаматтар мен олардың отбасыларын шамадан тыс кредит алу тәуекелдерінен қорғау үшін жеке тұлғалардың жұбайының (зайыбының) келісімін алу қажет болатын кепілсіз қарызының ең аз мөлшері – 1 000 АЕК (3 692 000 теңге) болып белгіленді, ДК үшін кредитордың түріне, ДК қызметінің мерзіміне және кәсіпкерлік қызметтен түсетін айналым сомасына қарай 2 710 АЕК-тен 27 000 АЕК-ке дейін шектеулер белгіленді.

Көрсетілген шаралар халықтың борыш жүктемесін одан әрі азайтуға ықпал етеді және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтық қорғалуын айтарлықтай күшейтеді.


Рекомендовать
Последние новости