Биыл Жетісу облысында алғаш рет үш спорт түрінен облыстық балалар турнирі өтеді

Ақтоты Жапатова 11 апр. 2025 09:55 282

Биыл облыста алғаш рет үш спорт түрінен «Жетісу Лигасы» облыстық балалар турнирі өтеді. Бұл туралы бүгін өңір басшысы Бейбіт Исабаев жұмыс сапарымен Көксу ауданына барып, орталық стадионда ауылдың жас футболшылармен, сондай-ақ «Жетісу» кәсіби футбол клубының командасымен және жаттықтырушылар құрамымен кездескен кезінде айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz

Еске салсақ, IV Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы еліміздегі футбол инфрақұрылымын дамытудың және балалардың спортпен шұғылдануына жағдай жасаудың маңыздылығын атап өткен болатын. Осыған байланысты биылдан бастап облыс әкімінің бастамасымен өңірде жыл сайын үш спорт түрінен: футбол, волейбол, баскетболдан облыстық балалар турнирін өткізу жөнінде шешім қабылданды. Қазіргі кезде облыс бойынша 560 командадан өтінімдер келіп түскен. Футболдан жарысқа 10-15 жас аралығындағы ұлдар, ал волейбол мен баскетболдан 12-15 жас аралығындағы қыздар командалары қатысады. Іріктеу кезеңі 19 сәуірде басталады, ал финалдық ойындар маусым айына жоспарланған. Ойындардың қорытындысына қарай футболдан 3 жас ерекшеліктері бойынша жүлделі орын алған 90 бала, волейбол мен баскетболдан жүлделі орынды иеленген 60 бала облыстық кезеңнің жеңімпазы атанады деп күтілуде. Сыйлық ретінде жеңімпаздарға спорттық киімдер мен тегін доптар, сондай-ақ балалар лагерлеріне демалуға жолдамалар беріледі. Басты атап өтерлігі – турнирге ниет білдірген кез-келген аула және мектеп командалары қатысады.

- Биылдан бастап біз футболға баса назар аударып, спорттың үш түрінен облыстық балалар турнирін өткізе бастаймыз. Алдарыңызға мақсат қойыңыздар, соған талпыныңыздар, біз сіздерге әрқашан көмектесеміз, қолдаймыз. Қазірдің өзінде кәсіби футболшылар жаттығатын стадионда жаттығып жүрсіздер. Бала күнінен спортпен шұғылданған өте жақсы, бұл сіздерді ерте бастан шыңдайды. Жақсы ойнап, жеңіске ұмтылыңыздар, - деп өңір басшысы балаларға жаңа футбол доптарын таратты.

Бұдан соң «Жетісу» футбол клубының бас бапкері Самат Смақовпен, ойыншылармен әңгімелескен облыс әкімі алдағы маусымның жоспарларын талқылап, ел чемпионатының өткен 4-турында команда жақсы техника көрсеткенімен, клубқа жасалып отырған қолдауларға қарамастан, жанкүйерлерді нәтижелі ойынымен қуанта алмағанын айтты. Осыған байланысты өңір басшысы ойын деңгейін көтеруге ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.

С. Смақовтың айтуынша, команда құрамы 90%-ға жаңартылды, негізгі құрамның жасақталғанына 2,5 ай уақыт болған:

- Біздің команда Премьер-Лигадағы ең жас командалардың бірі, ойыншылардың орташа жасы – 25-26 жас, бірақ қай-қайсының да әлеуеті бар. Әзірге күткен нәтиже көрсете алған жоқпыз, бірақ уақытымыз бар. Біз қазір ойыншылардың психологиялық дайындығына ерекше назар аударып жатырмыз, жеңімпаздардың командалық рухын қалыптастырамыз. Нәтиже шығарады деп командаға сенемін, - деді бас жаттықтырушы. 

Клуб ойыншыларының бірі пікір бөлісіп: 

- Мен спорттағы қадамымды 2014 жылы Текеліде футболмен шұғылданудан бастадым. Кәсіби футболға 2021 жылы келдім. «Жетісу» командасының негізгі және дубльдік құрамасында ойнадым. Содан кейін мені ресейлік футбол командасына шақырды. Өзіміздің «Жетісу» клубына шақырылған кезде қуана-қуана  қайтып оралдым. Алдымызда ел чемпионатында кемінде 7-орынға тұрақтау міндеті тұр. Оған жету үшін барлық мүмкіндіктеріміз бар деп санаймын. Өз тарапымнан бар күш-жігерімді жұмсаймын, - деп атап өтті «Жетісу» ПФК-ның орталық жартылай қорғаушысы Давид Есімбеков.

Атап өтсек, облыстың аудандары мен қалаларында 639 футбол секциясы жұмыс істейді, соның 455-і - ауылдық жерлерде. Бұл секцияларға 63 483 адам қатысады.

Сонымен қатар өңірде 9 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде және «Жетісу» футбол орталығында 2120 бала спортпен айналысады. Облыстың білім беру ұйымдарында сабақтан тыс жұмыстар аясында 397 секцияда 9548 бала үнемі футболдан шеберлігін арттыруда. Тағы 273 бала мемлекеттік тапсырыс аясында тегін секцияларға барады. Сондай-ақ өңірде «Жетісу футбол клубтары» қоғамдық қоры жұмыс істейді.

Жалпы Жетісу облысының аумағында футболмен айналысуға лайықталған 13 стадион, 350 футбол алаңы жұмыс істейді, соның 285-і ауылдық жерлерде орналасқан.


Рекомендовать
Последние новости